14.03.2022, 10:40
Оқылды: 104

Қызыл суда абай болыңыз

Наурыздың басында күн жылынып, қар басы алынғандай болып еді. Енді қыс қайта оралғандай, қар жауып, ауа температурасы көтерілмеді. Көктем тек айдың аяғына қарай, үшінші онкүндікте  күшіне мінеді дейді метеорологтар. Сол кезде күрт қозғалған қар жабыны еріп, сай-саланы қуалай жөнелді. Біздің ауданда осы қар суының кетуіне дайындық қалай деген сауалды Теректі ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жарас Көпжасаровқа жолдадық.

IMG-20220313-WA0020

-Біз көктемгі қар еруіне байланысты туындайтын су басу қауіптілігіне дайындалуды қыста, ақпан айында бастадық. «2022 жылғы көктемгі су тасқынын қауіпсіз өткізу бойынша іс-шаралар жоспары» дайындалып, аудан әкімі бекітті. 18 ақпанда төтенше жағдайларды алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өткізілді. Күн тәртібінде қызыл суды қауіпсіз өткізу шаралары қаралды.

3-4 наурыз күндері «Көктем-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің күш пен құралдарының көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындығы қосымша тексерілді.

Жергілікті әкімдік,  полиция қызметкерлері, №25, №12 өрт сөндіру қызметімен бірігіп, су басу қауіптілігі жоғары ауылдарда түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Яғни ауыл-үйді аралап, шатырдан қар түсіру, ауладан қар шығару, су жүру арналарын тазалауды айтып, арнайы нұсқамалар тараттық. Осы жолмен күні бүгін мыңнан астам тұрғын үйді аралап шықтық. Бұл шараға аудандық Жастармен жұмыс жөніндегі  ресурстық орталықтың еріктілері де белсенді қатысты. Олар жалғызбасты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрғын үйі шатырын, су ағар арналарын қардан тазалап, көмек көрсетіп жүр,- деген жауап берді.

Жарас Нұрсұлтанұлының айтуынша, 15 елді мекенде, соның ішінде Федоровка, Подстепный сияқты ірі ауылдарда су басу қауіптілігі бар көрінеді. Оқыс оқиға бола қалған жағдайда жұмылдыратын көлік-күш дайын деп отыр төтенше жағдайлар бөлімі басшысы.

- Төтенше жағдайларды жою және алдын алу комиссиясының хаттамалық тапсырмасына сай, 15 наурыздан бастап  барлық ауылдық округтерде  кезекшілік  ұйымдастырылады. Олар су деңгейі, жол қатынасынан бастап, округтегі барлық жағдайды бақылап отырады. Су қозғалған кезде төтенше жағдай бола қалса, әр округтегі оңтайланған бригадалар іске кіріседі.  Күні бүгін қолданыста 23 мотопомпа бар.  25 инженерлік және қосымша  техника дайын тұр.  Бәрі де техникалық сенімді күйде. Бөгеттер бұзылса, тығындауға 7200  қап, 80 тонна инертті материал әзір. Қазір ауданда 3000 литр  жанармайы қоры дайындалған. Ауылды су басып қалса, азық-түлік, ыстық тамақ жеткізу жөнінде аудан әкімдігі жеке кәсіпкерлермен ниет келісімшартын жасасты,- деп жан-жақты мәлімет берген ол «қызыл су кезінде балықшылардың  өзен-көл үстіне шығуы өте қауіпті. Осыған халық абай болса екен» деген ескертуін де айтты.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале