Көгілдір көктем шуағын төгіп, күн ұзара бастаған шақта қазақ елі «Көрісу» мерекесін тойлайды. Ынтымақ пен берекенің, татулық пен тағылымның көрінісі іспетті болған 14 наурызды ел пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиіп, халық мамыражай күйге енген шақ санайды. Бұл күні адамдар бір-бірінің үйіне барып, қол алысып, шұрқыраса көріседі. Бір-біріне ақ тілегін жаудырып, ақсақалдар ақ бата береді.
Ғасырлар бойына атадан балаға мұра болып жалғасқан аталмыш күнге орай Бәйтерек аудандық мәдениет үйінде «Бір жасыңмен» атты салтанатты кеш өтті.
Ұлы мейрамның бастауы саналатын амал мерекесі күні мәдениет үйінің кіші залы тойлай келген адамға лық толып, айнала ұлттық нақышта безендірілді. Көрген адам бейне бір қазақ ауылына келгендей күй кешті. Жастар жағы ән салып, қалжыңдасып көңіл көтерсе, үлкендер ел амандығын тілеп, ақ батасын беріп жатты. Осынау елдің берекесі кіріп, татулығы артатын мерекені халықпен бірге қарсы алу үшін аудан әкімі Марат Тоқжанов тойлы ауылға арнайы келді.
-Әз-Наурыз айының алғашқы мерекесі – Көрісу күнімен баршаңызды құттықтаймын. Басқа бас, жасқа жас қосылып, ел мәре-сәре болатын айтулы күн – ата-бабамыздан қалған ұлы мерекелердің бірі. Таңмен таласа тұрып, үлкендердің батасын алып, бала-шағаны қуанышқа бөлейтін бұл күн ұрпақтар сабақтастығын арттырып, берекемізді кіргізеді.
Ай мен Үркердiң қиылысып өтуiн ежелден бері қазақ жұрты «Тоғыс» деп атаған. Тоғысу дегеніміз – тоқайласу, үйлесу, түйiсу деген мағынаны білдіреді.
Ертеде қазақ бұл күнді «Наурыз» демей, «Амал» деп атаған. Ел іргесі сөгілмей, бүгінгідей мереке күндеріміз көп болсын. Көрістен көріске аман жете берейік,-деді аудан әкімі Марат Тоқжанов өз құттықтауында.
Кейін ортаға өнерпаздар шығып, көпшілікке тамаша көңіл-күй сыйлады.
Одан соң меймандар арнайы жайылған дастарханға жайғасып, ел амандығына бата оқылды. Салт-жоралғы насихатталып, ғибратты әңгіме айтылды.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz