15.03.2022, 9:00
Оқылды: 69

Жол салу неге баяу? 

Қазіргі уақытта Казталов–Жәнібек –РФ шекарасы және Өнеге–Бисен–Сайқын бағытындағы автожолдар құрылысының баяулығын қоғам қызу талқылауда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚОФ директоры Әмір Кәрімбаев пен мердігер-компания өкілдері күрделі жөндеу барысын баяндады. 

IMG-20220314-WA0137

Әмір Кәрімбаев автожолды асфальттау белгіленген уақытта жүргізілмей жатқанына қатысты бірнеше себепті атады. Яғни жобаның толық қаржыландырылмауы, мердігер-мекеме жұмысшыларының арасында коронавирустық инфекциямен ауырғандар санының көбеюі, жауын-шашынның мол түсуі және құрылыс материалдарының қымбаттауынан жол құрылысы кідіруде. Республикалық автожолдағы бүгінгі таңда 6 күрделі жөндеу нысанына 5 мердігер-мекеме-кәсіпорын тартылған. «Казталов – Жәнібек – РФ  шекарасы» автожолының 53-95 шақырым учаскесі бойынша 2021 жылдың соңында мердігермен шарт бұзылды. Бұл жол учаскесі уақытша «Қазақавтожол» ЖШС-ға күтіп ұстау мақсатында берілді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚОФ директоры Әмір Кәрімбаев инертті материалдарды жеткізудегі қиындық (вагондардың өте тапшылығы және Ресей Федерациясының «РТЖ» ААҚ тарифтерінің қымбаттауы, яғни ескерілмеген шығындар) туралы айтты. «Биыл 12 000 вагон инертті материал қажет. Яғни жол төсемінің әрбір конструктивінің 1 шақырымын салу үшін 14-тен 56-ға дейін вагон шикізат керек», – деді спикер. Ақтөбе облысынан Жәнібек және Сайқын бекеттерін жалғайтын теміржол Ресей аумағы арқылы өтеді. Бірақ көрші ел жүк вагондарының талапқа сай келмейтінін уәж қылып, құрылыс материалын тасымалдауға рұқсат бермеген. Биыл жол құрылысына пайдаланылатын 367 мың тонна қиыршықтастың 28%-ы (101 мың тонна), 166 мың тонна құм-қиыршықтас  қоспасының 46%-ы (77 мың тонна), 6,1 мың тонна битумның 23%-ы  (1,4 мың тонна) дайын. Бүгінге дейін күрделі жөнделетін 248 шақырым күрежолдың 55 шақырым жол жабынының төменгі қабаты ғана  төселді.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале