15.03.2022, 10:00
Оқылды: 47

Шығармашылықтың шырайлы шағы

Жазушы Қаназ Молдахмет шығармашылық қуатының барынша өркен жайып, мәуелеген шағына келді. Жазушылық сапарын алыс ауданда жүріп бастаған қабырғалы қаламгер балаларға арналған жабық байқауда үздік шығып, екі шығармасы бірден бәйге алған шығармалардың тізімінде тұрды. 

InShot_20220315_001606400

Әсіресе «Чика – Дабылдың баласы» атты микроповесі ел­жұртты елең еткізді. Шамасы, қазақтың Островскийі атанған ұстазы Зейнолла Шүкіровтің «Бірінші шығармаң танылмаса, сен танылмайсың. Алғашқы шығармаңа мықты бол» деген қағидасын жадына мықтап сақтаған болуы керек. Молдекең қазақ телеарнасының «Емен-жарқын» хабарына берген бір сұхбатында: «Жалпы, балалар әдебиетіне келем деген ойда жоқ нәрсе еді, уақыт, жағдай әсер етті ме білмеймін, «Чика» арқылы балалар әдебиетінің белді өкіліне айналып шыға келдім. Осы бағытта бірнеше шағын повестер жаздым. Үлкен прозада іргелі туындылар жазу – басты мақсатым еді» деген. Әрине, мұны да түсінуге болады. Қазақ әдебиеті тәжірибесінде бұрыннан бар нәрсе. Мәселен, Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын алайық. Қадыр ақын жазу өнерінің бастау кезінде бірыңғай балаларға арналған өлеңдер жазған. «Кішкене Қожанасырлар», «Алуан-палуан», «Жаңғалақтар», «Ноян-Қоян», «Сабақ», «Омар мен Құмар», «Мешін мен адам», «Күміс қоңырау» атты өлең кітаптары балалар әлеміне жол тартты. Белгілі балалар ақыны бола жүріп, тек алпысыншы жылдардың орта тұсынан бастап «Ой орманы», «Бұлбұл бағы», «Дала дидары», «Ақ отау» секілді жалынды жыр жинақтарымен жарқ ете түсіп, қазақ поэзиясының алдыңғы легіне шықты. Міне, Молдекең де, осы экспериментті пайдаланған секілді. Ол «Құм қойнау», «Арна», «Өлерменнің көршісі», «Жебір», «Ескі қыстау», «Армандай алыс жағалау», «Қызыл дамбал», «Саяқ» сияқты классикалық  дүниелердің ауторына айналды.

 

«М. Қаназ – ең алдымен, өмірдің өзінен еркін көсіп алып, кең пішіп жазатын, шынайы шыншыл қаламгер. Бұл орайда жазушының болмысына терең сіңген ел, ағайын, ауыл өмірінің табиғи исі аңқып тұрар еді. Содан ба, қай туынды болмасын, өзінің көркем кеңістігіне – ортасына, уақытына, характерлер қалыңына қарекет пен ғұрып жоралғыларына етене жағдайды шым-шымдап, баурап әкете береді»  дейді жазушы С. Жұбатырұлы.

 

Жалпы, қаламгер шығармаларындағы сюжеттік желі, композициялық білім, образ, деталь, тіл мен стиль ерекшеліктері шеберлікті қамтиды. Бұл компоненттердің бәрі бір-бірімен жымдасып, қарым-қатынасқа түскен соң, шығармадағы ауыл тынысы кең. Халқымыз білімге, еңбекқорлыққа құлаш сермеп, мәдениетін сақтауда көптеген игі істерге кенелгенін, мейірімділік, қамқорлық сияқты адам бойындағы қасиеттер жинақталып, балаға тәрбие көрсететін шеберлік, қаламгер шығармасының еншісіне тиіп тұр.

 

Басқа әдебиет туындыларындай Молдахмет Қаназдың балаларға арналған көркем шығармаларында адам образының небір үлгілері жасалған. Олардың қызық та  қиын тағдырлары оқырманды бей-жай қалдырмайды.

 

Қаламгер балалар әдебиетін қандай сұрапыл соғыс заманында жазса да, арзан сөз, адам нанғысыз әсіре сыршылдық, болмысты қорқынышты, қисынсыз қара бояу мен әрі-сәрі, құнсыз лиризмге бой ұрмай, өмірді өзінің шынайы қалпында көрсетті. Әдебиет пен өнердің түрлі салаларындағы ұтымды көркемдік бейнелеу құралдары мен тәсілдерін жедел де жемісті пайдалануға талаптануы – Молдахмет Қаназдың үлкен жемісі. Бұл дүниелері бүгінгі қазақ балалар прозасының идеялық-көркемдік ізденістерімен сабақтас. Мұндай өрлеу кезеңіндегі шығармалардың идеялық-көркемдік проблематикасы мен бейнелеу құралдарының көп қырлы және күрделі болатын себебі, ең алдымен, күрделі уақыттың қайшылығы қыруар заманның адамзат ал­дында мейлінше қиын, мейлінше тосын мәселелерді алға тартуына  байланысты.

 

Біз айтып отырған өрлеу қолдан арнайы жасалып отырған бөлекше жағдай емес, адамзат – ақыл-ойы қауырт қарқынмен қаулап дамуына сәйкес күшіне еніп, кемеліне келген жанды процесс. Ендеше, соның салдарынан жылдан-жылға көбейіп келе жатқан қыруар экологиялық, тарихи-саяси, қоғамдық, әлеуметтік, психологиялық-философиялық қисапсыз мәселелер жалпы әдебиетпен бірге балалар прозасында келешектегі көптеген көркемдік ерекшеліктеріне, өзіндік мазмұнына айналуы тиіс. Әрине, бұл үшін әлемдік прозаның озық тәжірибесін шебер игеру, туған әдебиеттің дәстүрлерін табиғи пайдаланумен бірге жаңғырту, жаңашылдыққа ұмтылу қажеттігі талассыз. Ал балалар прозасының аталған ерекшеліктері мұндай талаптарға жауап бере алатын күштердің бар екенін әрі бұл жанрдың аталған кезеңде – жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегінде өсіп, өркендегенінің ай­қын мысалдары ретінде бағалануға және байыпталуға лайықты жазушылардың қатарында Молдахмет Қаназдың тұрғанын атап өту керек.

 

Не көп,  Модекеңде жілігі татитын жақсы әңгіме, повестер көп. Олардың бәрін саралап, тізіп, талдап жатуға да болар еді, дегенмен кейбірін қазір атап өтпесек, жазушы шығармаларына қиянат шығар. Жазушының «Кеменің кезекті қайырлауы», «Алматыдан Тараз арқылы Қызылордаға дейін», «Жусан иісті жүрдек поезд», «Бұру жол», «Ғашық едім, қайтейін», «Тағатсыз күткен бір мезгіл» әңгімелері – жауапкершілік жүгін айқын сезіп, қолына қалам алған жанның шаруасы. Бұл шығармаларды бей-жай оқи алмайсың. Осы орайда белгілі әдебиет сыншысы, ғалым Бекен Ыбыраймовтың: «Молдахмет Қаназдың шығармаларын оқысам да, жазушының көкейіндегі ойын, көкірегінде тұнған сырын, айтайын деген шынын, жырын тебірене қабылдаймын» деуін  түсінуге  болады.

 

Ал жан-жануар, табиғат тіршілігіне арналған шығармалар қай халық әдебиетінде де баршылық. Бұл орайда жазушының «Ескі қыстау», «Саяқ» әңгімелері философия­лық астары бар, салмақты дүниелер қатарында. Жазушы модернизм, постмодернизм, авангардизм сияқты озық әдістерді терең меңгеріп, өміршең, дара бітімді туындылар тудыра алды. Анимализмнің негізін салушы Эрнест Томпсон туындыларынан үлгі алған жазушы, ешкімге ұқсамайтын қазақы формасын жасап шыққан. Қыруар штрихтар мен ой ағыстары оқырманын еріксіз баурап алады. Аутордың астарлы ойын әдебиеттанушы Бекабат Ұзақов былайша жеткізеді: «Сонымен аутор не демекші, Теңбілкөк, Құлажирен бейнелері нені аңғартады? Жазушы қоғамнан бір қадам алда жүреді» десек, жылқы мінезді халық екенімізді ескерсек, Теңбілкөк – қазақтың көркем образы. Құлажирен... айтпаса да түсі­нікті. Бізге ғасырлар бойы тісін батырған бір ғана шегіркөз жирен халық бар. Ел ретінде етек-жеңімізді жинамасақ, атырабымызды анталаған қорқау қасқырлар...» деп қаламгердің терең ойын жете түсінгенін байқатты. Ал бұл тұста Молдекеңнің тұстастары схематизмнен шыға алмай қалып, ғұмырсыз шығармаларды қаптатып жүргені белгілі жайт.

 

Жалпы қарапайым оқиғадан ірі әлеуметтік, философиялық мағына шығару, оқиға желісіне ештеңені шашау шығармай, сұрапыл ой ағысымен бару, қоғамдық, ұлттық, азаматтық формасын дөп басу, көркем ойды символдарға жасыру, дағдылы нәрселерге сарказммен қарау, кейіпкер бойындағы жақсы немесе жаман қылықтарды аздаған қимылынан-ақ айқын көрсете білу, ізгілікті, адами құндылықтарды даурықпастан көркем тәсілмен жеткізу – Молдахмет Қаназдың басты мақсаты болып қала бермек.

 

Жазушы М. Қаназдың суреткерлік қырлары толық ашылып, түбегейлі зерттелмесе де, оның шығармашылығы туралы мерзімді баспасөзде орынды ойлар айтылып жүр. Жазушының замандасы өткен жылы ғана дүниеден өткен, талантты прозашы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұқанбетқалиевтің: «Танымдылық талантпен үнемі қатар жүре бермейді. Оны көп  біле бермейді. Таланты кем болса да, өңмеңдеп, ылғи алға ұмтылатындар, сыншылар  тоқтамастан айтса, ол ең танымал адамға айналып шыға келеді, бұған мысал көп. Ал тамаша туындылар жазған, бірақ өз шығармашылығын «жарнамалауды» білмейтін, пысықтығы жоқ жазушылар елеусіз қалып қойып жатады. Молдахмет Қаназ – осы топтағы жазушы. Ол – нәзік те сыпайы суреткер. Бірақ оның шығармашылығы туралы ешкім ештеңе жазбады. Сондықтан осы тақырыпты өзім қозғадым. Молдахметтің шығармашылығы туралы: «Әлдеқашан айтылатын сөз еді» деген мақала жаздым. Қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Талантты өлтірудің жолы көп, соның ішінде ең сұрқия тәсіл – ол туралы ештеңе айтпау» деген сөзі бар. Сол айтқандай, ешкім үндемесе, талантты адамға обал ғой. Мен мысалы, Молдахмет Қаназдың: «Қияндағы күн нұры» хикаятын классикалық туынды деп бағалаймын» дегені бар. («Ақтөбе» газеті 18. 02. 2019 жыл)

 

Бұл күндері сексеннің сеңгіріне ілінген шығармашыл жүректе маза жоқ. Ол беймаза жүрек үнемі биіктерге бағыт ұстаған жол тілейді. Қазақ руханияты мен әдебиетінің бірегей сардарына айналған Молдекең, Молдахмет Қаназға бұл жолда да биік абырой тілейміз.

Алпысбай Мұсаев,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Орал қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале