Имандылық, инабаттылық, ізеттілік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында Т. Жароков атындағы орта мектебінде Жәнібек ауданының 100 жылдығы және Ұлыстық ұлы күні - Наурыз мерекесіне орай «Туған өлке, Наурыз думан» атты салтанатты жиын ұйымдастырылды.
Жиынға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Нұрболат Садырбаев, Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова, ардагер ұстаз Айжан Боранбайқызы, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Еламан Төлепқалиев, мектеп директоры Сержан Қошанов пен мектеп әкімшілігі, ұстаздар мен кіші қызметкерлер және 10-11 сынып оқушылары қатысты.
Туған жердің 100 жылдық тарихын, осы уақытқа дейін басынан кешкен өткелдерін жас ұрпаққа айту, өлкеміздің тарихында болған беделді тұлғаларды насихаттау біздің қолымызда. Осы орайда әдістемелік пән бірлестіктері отау құрды. Атап айтқанда, «Ғұмар Қараш», «Мұстақым Ықсанов», «Ұлы Отан Соғысының Батырлары М.Мәметова мен Х.Доспанова», ауданның «Құрметті азаматы» «Өтеген Жұмашев» және «Тайыр Жароков» ауылдары ұйымдастырылған отаулар таныстырылды. Отаулар арнайы жасақталған ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдар, жәдігерлермен, көрнекіліктермен сәнделіп, аталмыш тұлғалар туралы көрме дайындалды.
Содан соң, мектеп директоры Сержан Серікұлы мен аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Ғарифоллақызы мерекемен құттықтады. Әрмен қарай, аталмыш мектептің оқушысы Қадыр Әлиназар «Әлқисса» күйін тартса, мың бұралған қыздары «Қазақ биін» биледі. Шарада дәстүр-салтты насихаттап, 10-11 сынып оқушылары шақырулы қонақтарға, мектеп ұстаздары мен кіші қызметкерлерге көрісіп, ілтипат білдірсе, Гүлім Биғали «Наурыз думан» әнін орындады.
Шара соңында шақырулы қонақтар мен мектеп ұстаздары арнайы жасақталған көрмемен танысып, ауылдарды аралап, дәм татты.
Ауданның 100 жылдық мерейтойы аясында білім саласы туған жеріміздің көне тарихы мен бүгінгі өткелдеріне көз жүгірте отырып, елеулі кезеңдерді жас ұрпаққа насихаттау және өлкеміздің жарқын болашағы үшін шынайы патриотизмнің ең биік шыңына жету керекпіз. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі болып табылады.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz