Сырымдықтар қол күресінен бұлдыртылық қаршадай қыз Гауһардың жеңісіне куә болғаны күні кеше сияқты еді.
Тағы бір бұлдыртылық армспортшы 2007 жылы туылған Жәдігер Рүстем облыстың бес дүркін жеңімпазы атанып үлгергені өз алдына, қол күресінен Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атанып отыр.
17-19 наурыз күндері Алматы облысы, Талғар қаласында жас жеткіншектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп, мәресіне жеткен болатын.
Аталмыш чемпионатқа шәкіртін баптаған Төлеген Құраштың айтуынша, 55 келі салмақ дәрежесінде екі қолмен де күш сынасып І орын иеленген.
- Жәдігер Рүстем алдағы уақытта Өзбекстан Республикасында өтетін Азия чемпионаты мен Түркия елінде өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды. Қос чемпионатқа барымызды салып, күшімізді бойға жинап жақсы нәтиже көрсететінімізге бек сенімдіміз,- дейді бапкер.
Иә, республикалық чемпионатта топ ішінен суырылып шығып, білек пен жүректің мықтылығын мойындатқан армспортшы бір қолымен Өзбекстанға, бір қолымен Түркияға жолдама алғаны үлкен абырой.
Төлегендей сөзіне нық, білікті бапкері барда Рүстем Өзбекстан мен Түркияны мойындатарына сенімдіміз.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы,
zhaikpress.kz