Елордада мерекені тойлау күндері 5573 әскери бөлімінің сарбаздары жоғалып кеткен қыз баланы тауып, ата-анасына табыстады.
Кешкісін Есіл ауданындағы «Хилтон» қонақүйінің маңында қызмет кезінде жасақ бастығы қатардағы Еркебұлан Мұқанов, сақшылар қатардағы Ерасыл Оралхан мен Темірлан Бұлхайыр жылап тұрған қыз баланы байқайды.
Әскери жасақ жауынгерлері қыз баламен тілдесе келе, оның адасып кеткенін және үйіне қайта алмай тұрғанын, ұялы телефонының қуаты сөніп қалғандықтан ата-анасына хабар бере алмағанын біледі.
Ата-анасының байланыс нөмірі мен тұрғылықты мекенжайын анықтаған соң ұландықтар баланы үйіне дейін жеткізіп салды.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметі