23.03.2022, 15:50
Оқылды: 44

Бөрлілік спорт чемпионы тұсау кесті

Биылғы Наурыз тойы Бөрлі ауданында ерекше тойланды. Олай дейтінім, көпшілікке жалпы мерекені атап өтуден бөлек, биыл әр мекеме, бөлімдер кең көлемде жекелей тойлады. Соның бірі -«Қарашығанақ» спорт кешенінде Ұлыстың ұлы күні және Балалар жылына орай өткізілген «Шымырлық пен шеберлік» күні.

64AF1076-E39B-4609-BF8F-2C0865271FC2

Жасауы мен жабдығы келіскен киіз үй, ұлттық ойындарымыз асық ату және бес асық, ләңгі, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, ұлттық тағамдар, салт пен дәстүр, наурыз мейрамының символына айналған наурыз көже, қазақы шапан киген қариялар, шолпы-шашбау таққан бойжеткендер, күмбірлеген күй, әсем ән, бір-бірін қуалай ойнаған балалар осының барлығы дерлік қазақ дейтін дана халықтың тұрмыс-тіршілігін сезіндіргендей. Спорттық әрі мерекелік думанға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаев жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, ақ тілегін арнады. Ауданымыздың спорт ардагері Ермекқали Бутеков қол жайып, ақ ниетпен бата берді. Мерекенің қызған шағында аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Ислам Елемесұлының ұлы Елнар балақайдың қазақы дәстүр бойынша тұсауы кесіліп, күрмеуі шешілді. Ырымшыл халықпыз ғой, тұсаукесер рәсімін жүргізу Елнардың ата-анасының қалауы бойынша белгілі спортшы, самбодан Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, самбо, дзюдо күресі түрлерінен ел чемпионы Көлбай Темірланға бұйырып, Елнардың жаңа өмірге тәй-тәй басқан қадамына көпшілік куә болды.  

A891B0F8-B219-4875-AC18-88ABE3FF244B

Тұсаукесер салтынан кейін ұлттық ойындардан сайыс басталып, өздерінің шеберліктері мен ептіліктерін сынға салған спортшы балалар сайыстарға қызыға қатысты.

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале