«Орал қаласының Зашаған кенті әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Наурыз – думан» атты мерекелік іс-шара өтті.
Күн мен түн, хан мен қара теңескен осы қасиетті Наурыз мейрамында аталған мекеме алдындағы киіз үйлер ішінде мерекелік дастархан жайылып, оған жиылған халықтың қарасы көп болды. Думанды кеште Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубекеров қала тұрғындарын жаңа жылдың басталуымен құттықтады. Сонымен қатар мерекенің арнайы қонағы ақын Үзілдік Елеубайқызы жиналған жұртқа жаңа табыстар тілеп, ізгі ниетін білдірді. Көңілдері кең, кеуделері қазынаға толы, зейнет жасында болса да қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген «Бәйтерек» камьюнити орталығының жанынан құрылған «Жайық толқындары» вокалдық тобының әжелері халық әнін шырқап, көпшіліктің көңілінен шықты.
– Наурыз – жаңа күн, планеталардың өз нүктесіне келген уақыты. Ертеректе бұл құбылысты «Әз» деп атайтын болған және сол құбылыс кезіндегі ғарыштан шыққан дыбысты ең әуелі қой сезіп, аспанға қарап маңырайды екен. «Әз болмай мәз болмайды» деген сөз содан қалса керек. Қазақта адыраспанды жағып үйді аластау рәсімі осы жаңа жыл қарсаңында міндетті түрде орындалады. Бұл уақыттың тағы бір ерекшелігі жыл бойы жиналған өкпе-ренішті ұмытып, тазаруға мүмкіндік береді, – дейді аталмыш топтың мүшесі Ұлғаным Сарғойшина. Ауылдағы ағайынның қыс қыспағынан, жұт-апаттан аман шығып, малы төлдеп, аузы аққа жаритын осынау ақ түйенің қарны жарылған күні көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын түрлі әндер шырқалып, тұла бойыңды шымырлатар күйлер де орындалды.
– Барлық ұлт пен ұлысты осы мерекемен құттықтаймын. Жаңа жыл жақсылықтарға толы жыл болсын. Наурыз – әр шаңырақта ізгіліктің шырағы жағылып, ел іші құт-берекеге толып, ертеңге зор үмітпен қарайтын Сенім мерекесі. Сондықтан да елімізде болып жатқан оң өзгерістерге сеніммен қарауымыз керек деп ойлаймын. Халық үшін жасалып жатқан осы бір мерекелік іс-шаралар да ерекше әсерде қалдырып, шаттандырып тастады, – деді қала тұрғыны Гүлбаршын Қалиева.
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz