Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында қалалық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Төрлет, Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті. Басқосуға қала әкімі Абат Шыныбеков, педагогика саласының ардагерлері мен ұстаздар қатысты.
Театр фойесіне жиналған қонақтар көркем еңбек, графика пәні мұғалімдерінің қолөнер және ұлттық ойындарды ойнайтын роботтар көрмесін тамашалады. Салтанатты жиында қала әкімі Абат Шыныбеков жұртшылықты мерекемен құттықтап, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарға сәттілік тіледі.
Әз-наурыз мерекесіне арналған іс-шарада халықаралық, республикалық ғылыми жобалар байқауында шәкірттері жоғары нәтиже көрсеткен бірнеше мұғалім марапатталды. Олардың қатарында №42 «Ақ ниет» гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Д.Қанатбаева, эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназияның мұғалімдері Л.Зарипова мен Э.Вагапова, Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Л.Құсайынова, республикалық «Үздік жыл психологі» байқауының жеңімпазы №47 орта мектептің психологі Ж. Досқалиева бар. Сондай-ақ 11 жыл бойы өзін-өзі тану пәні мұғалімдерінің жетекшісі, бес жыл республикалық пилоттық мектебіне өз үлесін қосқан, қазіргі таңда Д. Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының директоры Б. Тлекенова өскелең ұрпаққа адамгершілік-рухани білім мен тәрбие беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Мейірім – әлемге махаббатпен» медалімен марапатталды. Круглоозерный орта мектебінің мұғалімі Б.Қажмағанбетова, №40 орта мектептің мұғалімі А.Сабыр, №10 «Балапан» бөбекжайының тәрбиешісі А.Омарова облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын, №21 орта мектеп мұғалімі Л.Швацкая, М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі директорының орынбасары Ә.Ыбыраева облыстық білім басқармасының алғысхатын иеленді.
Салтанатты жиында Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған байқаулар қорытындыланып, Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі «Ұлттық құндылықтарды дәріптеген білім ұясы», №33 орта мектебі «Үздік инстамектеп», №48 «Мұрагер» бөбекжайы «Үздік инстабалабақша» аталымымен марапатталды.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай жас мамандар арасында ұйымдастырылған зияткерлік сайысында белсенділік танытқаны үшін №42 «Ақ ниет» гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Қуанышевқа «Маржан сөздің білгірі» аталымы берілді.
Марапат иегерлеріне облыстық және қалалық кәсіподақ атынан естелік сыйлықтар тарту етілді. Ұстаздарды ұлықтаған іс-шара мерекелік концертке ұласты.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz