24.03.2022, 10:20
Оқылды: 31

Наурыз дидары

Күн шуақты наурыз айы түгелімен әйел, ана,  қыз-келіншектерге арналса да, көптік етпейтін сияқты көрінеді маған. Жаратылыстары қаншалықты нәзік болса, болмыстары соншалықты болат, серіппедей серпінді, төзімдері шексіз әйел заты, шынымен де, тылсым қуат иелері шығар. Өзім де сол елден болғасын, көп сырласып, көп бөлісіп жүремін, олардың ойларымен де, көтерген жүктерімен де.  

8330BAF6-F02A-488B-BE5A-5752EAEDFA7C

Иә, өмір – күрес қой, күресін. Бірден-екі алға жылжып,  бірін - екі  жасауға ұмтылмақ – адамға тән қасиет болса, сол өмір жолын  әйел-анасыз елестету мүмкін емес екеніне келіспейтін кім бар дейсіз.

Шет жүрсем - сағынарым,

Жабықсам – шағынарым.

Анашым, бір өзіңсің –

Табынарым, – деп жырлап, барша  перзенттің аналарына арнап шырқар  гимнін жазып кеткен ақын Қайрат Жұмағалиев ағаның өз анасы туралы елжірей айтатын әңгімелері қандай еді. Көзінде бір тамшы жас тұнып отырып, терең сағынышпен жүректен сөйлейтін күмбірлетіп. Анасының ерлігіне, шексіз махаббатына, елжандылығы мен намыстылығына бас июмен өткен ол кісі.

Ұшырған сұңқарыңмын,

Қияға шырқарыңмын.

Бәйгеге  өзің қосқан

Тұлпарыңмын, – дейді исі қазаққа жырымен де, нұрымен де танылған, ірі тұлға ана алдында шәксіз кішіріп. Барлығы да сол. Барлығы да ақ сүт берген анаға қарыздар.  

«Анасы бар адамдар

Ешқашан қартаймайды». Себебі ана баласын  еркелетуден, аялаудан шаршамайды, талмайды көзі жұмылғанша.

Тағдыр жолы сан тарам... Қилы-қилы  сын кешсе де, ана мен бала махаббаты бір-бірін табады да тұрады айналып келіп.

Аялап алақан,

Әлпештеп өсірген.

Аяулы жан анам

Қатемді  кешірген, – (Оспан­әлі Иманәлиев,  Ескендір Хасанғалиев) деген жолдарда қаншама мойындау, разылық жатыр десеңізші! Баласының қателігін кешірмес ана бар ма?!

«Әлемнің жарығын сыйлаған»  (Ғафу Қайырбеков, Шәмші Қалдаяқов) ана алдында ғана сәбиміз бәріміз, қанша есейіп кетсек те. Неше жасқа келсең де, анаң еске түскенде жүрегіңнің әлдебір түкпірі бүлк ете қалатыны қоймайды. Бүкіл әлем анаға сүйеніп тұратындай. Анаға еркелеп тұратындай.

Жер-ана,  Отан-ана. Мектеп-ана... Не көрсе де шыдайды олар.  Сенімен бірге мәңгіге. Анаң да сол. Бәрі ішінде. Жүрегінің ішінде ұстап келеді сені. Солай өтеді өмірден.  

Не көрмед (і) біздер үшін жаным анам,

Сонда да түсінбей жүр кейбір адам.

Дұшпандар десе, десін сыртыңыздан,

Жеткізген осы күнге, апа-ау, сенің арқаң, – (Ә. Қалаубаева) деген жолдарда қаншама әйел бейнеті күрсініп тұр десеңізші...

Күн шуақты наурыз айы түгелімен әйел-ана,  қыз-келіншектерге ұқсап қалғандай көрінеді маған. Қарлы аязды, боранды жылылықпен кейін ысырған өшпес қуат көзі сияқты. Сол таусылмас қуатты қайдан алатындарын және тал бойларына қалай сыйдыратындарын білмеймін бірақ. Бар білерім, ана жүрегінің әр бөлшегінде  балаға деген ғажап махаббат тұратыны ғана. Мүмкін, сол шығар жасампаз қуат  көзі.

Бір керемет ой келеді жыл сайын осы тұста:  8 наурыз деп бар болғаны бір-ақ күн  әйел затына құттықтау жаудырудың орнына,  осы отыз күн бойы нәзік жандарды сыйлап жүруге арнаса ше?  Сыйлықтың да, гүлдің де керегі жоқ, шын көңілден  ілтипат білдіре жүрсе, барша  азамат үйде де,  түзде де! Ашуларына – тізгін, тілдеріне – тоқтам салса. Ренжітіп алмауға тырысса аяулыларын.  

«Сөйте-сөйте адам болып  кетерміз»  дегендей,  осылайша тұрмыстағы зорлық-зомбылық, әйелге қол көтеру және басқа да берекетсіздіктер жойылып, санаға сәуле де ене бастар. Дөрекілік, дөкірлік ошағы сөніп, мейірім оянар.

Масқара болғанда, соқталдай мектеп оқушысының бүкіл сыныптастары алдында мұғалімді боқтап-балағаттап, ұрып жібере жаздап тұрған жексұрын жағдайды да көріп отырмыз. Мұғалім – жас әйел,  оған төбесінен төніп, оқталып тұрған оқушы – алпамсадай  ұл...

Жеткен жеріміз осы болды.

«Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» деп дабыралатып өткізетін толып жатқан іс-шаралар нәтиже берер емес, оның орнына әйел сыйлау, анаға құрмет, қыздарға қамқорлық  айлығын салтқа айналдырсақ, бірте-бірте бақытты, мәдениетті  қоғам болар  ма  екенбіз  біз  де?

Мақалдатып, өлеңдетіп кетсек, әдебиет әлемінде әйел-ананы көкке көтеруде біраз дүниелер айтылудай-ақ айтылған,  жазылудай-ақ жазылған, жалғаса да бермек. Әңгіме іс жүзінде қалай болып жатқанында  ғой... Айналаңызға қараңызшы, бақытты ма екен әйелдер? Анаңызды қуантуға асықпай жүрген жоқсыз ба, азамат? Бұл ай да өтіп бара жатыр, үлгермей қалсаңыз, келесі айды «Наурызым»  деп  жариялаңыз. Өзіңіздің наурызыңыз болсын. Солай.

Дариға  Ғазезқызы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале