24.03.2022, 11:20
Оқылды: 58

Наурыз – береке бастауы

Ұлыстың ұлы күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Қаратөбе ауылында айналма жол бойына құрылған ақшаңқан киіз үйлер мен әсем безендірілген сахна маңына Наурыз мерекесін қарсылауға жиналған жұртшылықтың қарасы көп болды.

 39301746-43EE-4CD7-834E-8C4036FB247C

Қар еріп, көктің шыға бастайтын бұл кезді жұртшылық қуана қарсы алады. Баршаның аузы аққа тиетін уақыты да осы мезгілге сай келеді. Сондықтан да бұл күн «Ұлыстың ұлы күні» деп аталған. Наурызда туған-туыс, дос-жаран бас қосып, береке-бірлік, ынтымақ пен жарастық тілеседі. Өкпе-наздарын кешіреді. Өйткені, бұл мейрам ақтың молаятын, күннің ұзаратын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңінің бастамасы. Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулыға жылылық әкелетін молшылық мейрамын қаратөбеліктер де кең ауқымда атап өтті.

4E681BB3-AC79-45AB-8601-10B2FEC16C67

Көтеріңкі көңіл күймен Наурыз мейрамын тойлау үшін мерекелік алаңға жиналған ағайынды құттықтаған аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев жаңа бақыт, береке-байлық, толағай табыстар тіледі. Мерекелік шарада Аманжан Әнесов ақсақал жастарға бата беріп, ел мен жердің амандығын тіледі.

B59ED3AB-BD62-41C8-BA57-0FFB35CCAEC2

Жыл бастауы болған айшықты мерекеде қаратөбеліктерді арнайы құттықтай келген елімізге танымал айтыскер ақындар Айнабек Бисенғалиев пен Талғат Мықи өзара айтыс ұйымдастырып, қасиетті Қаратөбе өңіріндегі игі істерді жыра қосып жергілікті жұртшылықтың мерейін тасытты.

Мерекеде аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Маңызы зор мерекеде көркемөнерпаздар әннен шашу шашты, алаңдағы мерекелік іс-шараға, көркем көріністерге көңілдері толған көрермендер өнерпаздардың өнерлеріне зор қошемет көрсетті.

Айтулы мерекеде Наурыз келгенін хабарлап ұлттық киім киген қыз-жігіттер балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балалар арасында аударыспақ, арқан тартыс ойындарын ойнатып, жарапазан айтқызып жеткіншектерге Наурыз қоржын ұсынды.

Ақшаңқан киіз үйлер маңында ұлттық киім киген қыз-келіншектер дәмі тіл үйірер наурыз-көжесін сапырып, ақ бауырсақтарын мереке қонақтарына ұсынды.

Халқымыздың дархан мінезін танытар ұлттық болмысымыз осы мерекеде ерекше көрініс тапты. Мекеме-кәсіпорын қызметкерлері дастарқан мәзіріне жеті шелпегін, құрт, жент, құйрық-бауыр сынды түрлі ұлттық тағамдар ұсынды. Сауда жәрмеңкелері де тұтынушы көңілінен шығарлық дәмдері мен сусындарын ел-жұрт қажеттілігіне жаратты.

Мереке аясында ән мен күйден шашу шашылып, тіршілік атаулы қайта түлеген шақта қоғамның ынтымағы мен бірлігі, бейбітшілігі мен түсіністігі нығая түскендей ерекше әсерге бөледі.  

Көктемгі бірлік және өзара түсінушілік мейрамына еңбек, тыл ардагерлері, зейнеткерлер, жасы үлкен қариялар арнайы шақырылды. Қонақтар тек мейрам жөнінде ғана емес, қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдары жөнінде білуімен шектелмей, киіз үйдегі бай дастарқаннан да дәм татты.

Наурыз мерекесі күні салт-дәстүр бойынша мықтылар мен ептілерге арналған қазақ күресі, арқан тартыс, гір тасын көтеру секілді спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

Ендігі кезекте бұқара халықтың назары белінің мықтылығы мен білегінің күші тасыған гір тасын көтеруші жігітттерге ауды. Бұл сайыста 27 келілік гір тасын басынан асыра 40 мәрте көтерген Сақтаған Мемлекетов өзгелерден озық шықты. Арқан тартыс ойынында Бөрлі ауданынан келген жастар дара шықты.

Боз кілемнің шаңын қаққан қазақ күресін жұртшылық тегіс тамашалады. Түйе палуан атағы үшін тартысты белдесулер мереке көрігін қыздырды. Бұла күштеріне сеніп шыққан мықтылар арасында басқаларға өзінің күштілігін дәлелдеген Темірлан Көлбай «Түйе палуан» атағы бұйырды.

 Серікбай Хасанов,

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале