Ұлыстың ұлы күніне орай Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында Орал қаласы білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Төрлет, Наурыз» атты мерекелік шара өтті. Шараға Орал қаласының әкімі А.Шыныбеков, педагогика саласының ардагерлері мен ұстаздар қатысты. Театр фойесінде шараға жиналған қонақтар көркем еңбек, графика пәні мұғалімдерінің қолөнер, ұлттық ойындарды ойнайтын роботтар, көрмесін тамашалады.
Салтанатты жиын қала әкімі Абат Шыныбековтың мерекелік құттықтауымен ашылды. Шаһар басшысы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласында еңбек етіп жүрген аяулы ұстаздар мен ардагерлерге лебізін арнап, халықаралық, республикалық ғылыми жобалар байқауында жоғары нәтиже көрсеткен шәкірттерді дайындаған №42 «Ақ ниет» гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Д.Қанатбаеваға, Эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназиясы мұғалімдері Л.Зарипова мен Э.Вагаповаға және Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Л.Құсайыноваға және республикалық «Үздік жыл психологы» байқауының жеңімпазы №47 жалпы орта білім беретін мектебінің психологы Ж.Досқалиеваға алғыс хат табыс етті.
11 жыл бойы өзін-өзі тану пәні мұғалімдерінің жетекшісі, 5 жыл республикалық пилоттық мектебіне өз үлесін қосқан, қазіргі таңда Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының директоры Б.Тлекенова өскелең ұрпаққа адамгершілік-рухани білім мен тәрбие беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің «Мейірім – әлемге махаббатпен» медалімен марапатталды.
Круглоозерный орта мектебінің мұғалімі Б.Қажмағанбетова, №40 орта мектеп мұғалімі А.Сабыр, №10 «Балапан» бөбекжайының тәрбиешісі А.Омарова БҚО білім басқармасының Құрмет грамотасын, №21 орта мектеп мұғалімі Л.Швацкая, М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі директорының орынбасары Ә.Ыбыраева БҚО білім басқармасының Алғыс хатын иеленді. Сонымен қатар шарада Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған байқаулар қортындыланып, арнайы номинация иегерлері марапатталды. Атап айтқанда, «Ұлттық құндылықтарды дәріптеген білім ұясы» номинациясымен Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі, Наурыз айындағы мерекелердің ақпараттандырылуы бойынша «Үздік инстамектеп» номинациямен №33 жалпы орта білім беретін мектебі, «Үздік инстабалабақша» номинациясымен №48 «Мұрагер» бөбекжайы марапатталды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай жас мамандар арасында ұйымдастырылған зияткерлік сайысында белсенділік танытқаны үшін №42 «Ақ ниет» гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Қуанышевқа «Маржан сөздің білгірі» аталымы берілді. Марапат иегерлеріне облыстық және қалалық кәсіподақ атынан сыйлықтар тарту етілді.
Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың мәліметінше, жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы әз-Наурыздың мерекеленуі қалалық білім ұйымдарында атаулы күндермен белгіленді. «Ұлттық ойындар алаңы», «Ұлттық тағам күні», «Нағыз қазақ домбыра», «Шырқа, қазақ әні», «Ұлттық би» күндерімен жалғасып, оқушылардың қатысуымен жалпы 100-ден астам шара ұйымдастырылды.
Мектептердегі тәрбиелік сынып сағаттарында мейрамның тарихы мен маңыздылығы түсіндірілді. Ұлттық қолөнер бұйымдарын насихаттау, өскелең ұрпақтың қызығушылығы мен жас шеберлер қатарын көбейту үшін шеберлік сыныптар ұйымдастырылды. Жас мамандар «Ұлы дала мұрасынан» әдеби-этнографиялық бейнешолу жасап, батырлар жырын, қисса-дастандар мен Қазтуған, Асан қайғы, Жиембет, Марқасқа, Ақтамберді жырау, Тәттіқара ақын, Үмбетей, Бұқар жырау, Шал ақын, Жанақ ақын шығармаларын жатқа оқыды.
– Мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті істерге ұласты.Ұрпақтар сабақтастығы, достық қарым-қатынастар мен қонақжайлық салты дәріптелді. Шараларда жалпықазақстандық рухани құндылықтарды нығайтатын қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту басты назарға алынды. Ынтымақ-бірлікті арттыру, мейрам кезінде әр отбасына, ата-анасына барып, хал-жағдай сұрасу арқылы отбасы институтын күшейту, этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту мақсатындағы шараларды үштік одақ – мектеп-оқушы-ата-ана біріккен түрде өткізді, – дейді білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Мүтиғоллақызы.
Салтанатты шара қалалық білім ұйымдары өнерпаздары ұсынған мерекелік концертпен жалғасын тапты.
zhaikpress.kz