24.03.2022, 20:21
Оқылды: 14

Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз!

Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңі - Наурыз мейрамын қазақ халқы ерекше тойлаған.

004

Наурыз – бірліктің, татулық пен достықтың төл мерекесі. Бұл күні Самарқанның көк тасындай ескі жылға өкпе-реніштер еріп, араздасқандар татуласады. Бір-біріне игі тілектер айтып, жыл басымен шын жүректен құттықтайды. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған. Жылдағы дәстүрден жаңылмай ауданымыз достық алаңында Наурыз мейрамын жоғары деңгеңгейде атап өтті. «Ұлысым – ұлы мерекем!» атты мерекелік концертке жиналған көпшіліктің қарасы мол болды. Күн және көктем боп киінген өнерпаздар бұл мейрамның тарихына тоқталып, Қызыр баба кейпіндегі өнерпаз бата беріп, тілегін айтты.

005

Жаңақала ауданының әкімі Дархан Закарин жұртшылықты мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. Бірнеше мекеме ұжымдарына алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.

006

Бағдарлама барысында Амангүл Сисенова «Ауыл жатыр той тойлап» әнін нақышына келтіре орындаса, «Наурыз мерекем» әнін Анита Қанатова, Айзада Сейтова, Жанболат Мұсағалиев, Қуанышбек  Айдарбековтер қосылып шырқады. Киіз үйлер, алаңда орналасқан тайқазан, алтыбақан бәрі-бәрі мерекелік шараның сәнін келтіріп, ажарын ашып тұрды. Ән де шырқалды, күй де тартылды. Би биленіп, балаларға тәттілер де таратылды. Салт-дәстүірімізден көріністер қойылды. Арқан тартыс, қол күресі, қой көтеру сынды спорт түрлері ойнатылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды. Тарихы терңеде жатқан Наурыз мейрамы еліміз үшін, күллі түркі халықтары үшін жаңа жыл. Жыл жақсылығымын келіп, барлық арман-мақсаттарымыз орындалғай. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале