Көрісу мерекесі мен әз-Наурыз арасында орын алған боран көп елді әбігерге салды. Жолдар жабылып, көлік тоқтап жатты. Коммуналдық қызмет техникалары қарды аршып үлгере алмаған шақтар да орын алды. Наурыздың тосын мінезінен Егіндібұлақ ауылдық округіне қарасты Алмалы елді мекені көп зардап шекті. Өйткені ауылға барар жолды толығымен қар басты. Округ әкімдігі алғашқы боран салдарын жойып, енді ес жия бастаған тұста, дәлірек айтсақ, наурыздың 21-і күні табиғат дүлей мінезін тағы көрсетіп, есіл еңбекті еш қылды.
Онсыз он күннен астам уақыт ауылда қалған ағайын Наурыз мерекесін қар құрсауында қарсы алды.
-Ауылда қырықтан астам тұрғын бар. Азық-түлік сататын дүкен де жоқ. Қолымыздан келгенше қарды аршымақ болған едік. Әл бермеді. Коммунальник мекемесіне хабарласып, қосымша техника алдырдық. Жергілікті шаруа қожалығының басшысы Нұрлыбек Хайруллин де өз бульдозерін шығарып, Алмалы ауылына барар жолды аршыдық,-дейді Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Ринат Ескендіров.
Қиын сәтте көмекке келіп, қарды аршыған азаматтарға халық та разы.
- Шыны керек, 21-ғасырда жолсыз қаламыз деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеді. Қуанышымызға орай жолсыз жатқан күндері ауылда ешқандай жайсыздық орын алмады. Бірақ дер кезінде қажетті әрекеттерін жасап, елді округ, аудан орталығымен қосуға жәрдем еткен жандарға разымыз,-дейді ауыл тұрғыны Марат Дүйсенов.
Жол ашылған бетте жеке кәсіпкер Еркін Шәріпов көлігімен қалаға шығып, қажетті азық-түлік алып келген. Қазір Алмалы ауылына барар жол ашық. Ел көңілі жайлы.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz