25.03.2022, 14:45
Оқылды: 46

Энергетика министрлігі Ресейден жоспарлы электр импортын жолға қоймақшы

Энергетика министрлігі Ресейден жоспарлы электр импортын жолға қоймақшы. Бұл туралы министр Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

211222154209058e

«Біз қазір Ресей Федерациясымен электр энергиясының жоспарлы импорты туралы келісімге келмекшіміз. Өйткені бұған дейінгі импорттар техникалық ағын арқылы жеткізіліп келген еді. Ресейлік әріптестерімізбен жоспарлы импорттың көлемі қанша болатыны туралы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Дәл қазіргі жағдайды айтсақ, Қаржылық мониторинг агенттігімен, энергетикалық қадағалаушы органмен бірге заңсыз жалғанып алғандарды, қара майнинг субьектілерін анықтау жұмыстары жүргізілді, жүргізіліп те жатыр. Жүйеге айтарлықтай электр қуатын қайтара алдық. Шамалап айтсақ, 300 МВт заңсыз тұтынылып келген энергия анықталды. Бұл жұмыс жалғасып жатыр. Тағы тұтынуы шектелген субьектілерде 600 МВт-қа дейін қуат бар. Бүгінде жүйе теңгерімге келді. Айтарлықтай тапшылық көріп отырған жоқпыз», - деген ведомство басшысы Ресейден электр импорттаудың себебін түсіндірді.

«Неге жоспарлы импортты ойластыра бастадық дегенге келсек, бірінші кезекте Украина зауыттарынан қосалқы бөлшектерді, монтаждау бригадаларын жеткізу бойынша мәселелер бар. Яғни, тап болуымыз мүмкін обьективті проблемалар бар. Сондықтан бұл жағына да дайын болуымыз керек. Екіншіден, өкінішке қарай, біздегі электр стансаларының қызмет көрсету мерзімі ескіріп барады. Стансаларда апат жиілеп кеткен. Осындай олқылықтарға жол бермеу үшін қандай да бір жоспарлы импорт туралы ойлау керек болып тұр», - деді Болат Ақшолақов.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале