Наурыз мерекесі қарсаңында танымалы бар, енді танылатыны бар біраз айтыс ақыны Теректінің төріне жайғасып, бақандай төрт сағат көрермен қошеметіне бөленді.
Наурыз айының үшін-ші жұмасында түс ауа Бауыржан Халиолла бастаған айтыскерлер мәдениет үйіне қарай аяңдады. Ол жерде Теректі ауданының әкімі Тілек Ғабдушев сөз алып, қош келдіңіздер айтты. Дөңгелек үстел басында айтыскер ақын, ұстаз Дариға Мұштанова, журналистика саласының ардагері, ақын Тілес Жазықбай және ақын Сағынтай Бисенғалиев айтыстың кешегісі мен бүгініне шолу жасады. Ақындарды бастап келген Бауыржан Ергенұлы жыр мерекесін ұйымдастырған аудан басшылығына алғыс білдіріп, «Осы бастама өзге аудандарға да үлгі болса екен» деді.
Айтыс өтетін мәдениет үйіне қарай ағылған көрермендерді көріп, көңіл қуанды. Теректілік ағайын тағатсыздана күткен Наурыз айтысы да басталды. Жазушы, облыстың бас газеті «Орал өңірінің» бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин кезекпен ақындарды сахнаға шақырды.
«Жылдың басы – әз-Наурыз» атты ақындар айтысының шымылдығын теректілік қос өрен, аудандық оқушылар айтысының жүлдегерлері –Ділнәз Есмағұл мен Аяш Айғалиева ашты.
– Қызымын қазақ деген кемеңгердің,
Армысың, күлімдеген көрермен-күн.
Айтысқа келіпсіздер барлығыңыз,
Себебі төл өнерім еленген күн.
Талай мықты ортасына біз де келдік,
Қолпашына бөленіп көрерменнің.
Биіктердің шығайық биігіне,
Тереңіне барайық тереңдердің.
Ұлы өнердің деп келген бәсі биік,
Ағайынға бас иіп сәлем бердім, – деп бастаған Ділнәздың шумағы шымыр, арыны тым-тәуір болды. Аяш та қысылып-қымтырылған жоқ. Домбырасын қолға алып, ол да төкпелетті.
– Айтысты тойлап жатса елі, міне,
Жырымның көрік қосам көрігіне.
Теректі көп ұлтты аудан деп атаса,
Көп оның жетістігі, ерлігі де.
Ақ Жайық балаларға айтыс жасап,
Талай өрен талантымен кө-рінуде.
Ақсуат чемпионға ат мін-гізіп,
Жан-жақты іс қылуда кері-міне.
Жаңалық айта берсек, көп еді ғой
Тағы айтар қасымдағы серігім де.
Халқынан қазақылық иісі шыққан,
Өзгеріс енгені ғой өміріне, – деп жырлаған Аяшқа қошемет жауды.
Балауса ақындар жасөспі-рім санаға тән үрейді жеңіп, сонымен қоса келісті жыр айта білген теректілік қыздардың есте қалар түйіндері де болды. Мысалы, «Қыз болсақ, сіңлісіміз Ақұштаптың, Ұл болсақ, жалғасымыз Марабайдың», «Алдыңа қос құлының шығып тұрмыз, Қос қолын ұру керек елеңдеп ел», «Қар көшкіні келгендей болып еді, Жыр көшкіні келіпті Теректіге», «Жолымыздың тегіс боп тұруы да, Жолымыздың болуы емес пе екен?» деген жолдар сүйсіндірді.
Айтыстың екінші жұбы сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен Жаңақала ауданының ақыны Данияр Нысанғалиев те халықтың ықыласына бөленді. Бауыржан – талай доданы көрген, республикалық деңгейде өңі-ріміздің намысын абыроймен қорғап жүрген жүйрік. Данияр жас. Жас болса да, екпіні қатты Бауыржаннан қорықпады. Сабырлы қалыпта қарсыласына жауап беріп, қоғамдағы өзекті жайттарды да қозғауды ұмыт қалдырмады. Бауыржан шайыр:
– Ақ сөзді, асыл сөзді сөйлеу үшін,
Ақынмен бірге қызыл тіл жаралған.
Бисмиллах деп бастайын сөздің басын,
Сәтімен өткізсін деп сыннан Аллам.
Қызыл тіл-қылышымды суырайын,
Қылышқа жараспайды қында қалған.
Жырдың берекесі бар елге төккен,
Жаңбырдың қайыры бар құмға жауған.
Теректі даласына келіп тұрмыз,
Кім келіп, кім кетпеген бұл даламнан.
Әбубәкір Кердері жүрген жерсің,
Қолына Құран менен құман алған.
Марабайларыңды кім білмейді,
Жүйрігің емес пе еді тың жаранған?!
Теректінің төрінде тұрған бұрын,
Айшуақ пен Жантөрем құрған ордам.
Қайран да Айшуақтай хандарым-ай,
Теңдігін қазағыңның бұлдап алған.
Орынбордың кіріпті ортасына
Тұлпары ту астында тулағаннан.
Хамзаның жазып кеткен дүниесі,
Маржан сынды Шалқар-дай көлден алған.
Ассалаумағалейкүм, Терек-тіге
Өлеңті жағасынан келіп тұрып,
Алаштың қаласынан келіп тұрып,
Жымпиты даласынан келіп тұрып,
Желбірейін айнымай ту, жалаудан,
Сырымның іргедегі көрші-сісің,
Теректі мен үшін де туған аудан.
Өңірдің бюджетіне қаржы салып,
Дамуға бетін қатты бұрған аудан.
Аэропорт Теректінің жерін-де тұр,
Түгел ел мұннан ұшып, мұнда қонған.
Қай жағынан алсаң да бұл Теректі
Облысты көтеріп тұрған аудан, – деген сәтте дүйім ел тік тұрып қол соғуға шақ қалды.
Бауыржан мен Даниярдың қарқынынан кейін не болар екен деп жұрт елеңдесті. Ақжайық ауданының қос ақыны – Мейірман Шәкенов пен Айнабек Бисенғалиев халықтың сұрағанын бере білді. Мейірманның арыны мен Айнабектің сабыры айқасып, сөз тартысы сәтті шықты. Айнабектің «Бір нәрсе бар қалада айтар болсам, Ауылға деген тәтті сағыныш бар» деген жолдары көпшілікті ойлантып тастағаны жасырын емес.
Қос жұптың адуынды айтысына сырымдық Санат Кәрім мен Оралдың оғланы Мақсат Тұяқ лайықты жауап бере алмаған сыңайлы. Дайындық аз болды ма, яки басқа себептер бар ма, білмедік, дегенмен осы жұп сәл әлсіздеу болды. Тек Мақсаттың:
– Сөйлейін ел алдында датым барда,
Айтады деп күтуде ел, ақындар да.
Қар аршылмай көптеген көшелерде,
Халықты қалың мұңға батырған ба?
Осыны алдыменен реттеу керек,
Не пайда болған іске аһ ұрғанға.
Айт деген нәрсеңізді айтып тұрмын,
Жырладым ақын деген хақым барда,
Қалғанын өздеріңіз айтарсыздар,
Әкімнің есебіне шақырғанда, – деуі аудандағы бірлі-жарым мәселені көтергендей еді.
Теректілік талант Әділ Ахметов пен жаңақалалық Орынбек Меңдіқұловтың ай-
тысы тапқыр әзілге толы болды. Әділ Орынбекке «Теректіге күйеу баласың» десе, Орынбек «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деп жауап берді.
– Тіліміз түрлі ойларды термеледі,
Жырымыз бұл айтысқа рең береді.
Кезінде сарматтарға мекен болған,
Теректіні тарихи ел деп еді.
Тарихи ел болғанмен, мұражай жоқ,
Деп естігем ғимарат берген еді.
Мұражайың болмаса жастарыңыз,
Қайда, нені көріп ап тебірінеді?
Мұражай болмаса келген қонақ,
Тарихты қайдан біліп, меңгереді?
Шұғыл ашу керек қой мұражайды,
Мұражай рухына дем береді, – деп жырлаған Орынбек Меңдіқұлов аудан басшылығына базына айтып кетті. Ақынның сөзі әкімге жетті. Олқылықтың орны толады деп сенеміз.
Жәнібек ауданынан келген Мұрадым Мирланов пен Бөкей ордасының жүйрігі Талғат Мықи да халыққа тамаша көңіл күй сыйлап, жақсы айтыс жасады. Әсіресе Талғат еліміздегі саяси оқиғаларға кеңірек тоқталды. Ал Мұрадым ақынның өз стилі өзіне жарасып, залды қыран-топан күлкіге батырды.
Бөрлінің серісі Жарқынбек Шынтаев пен Ақжайықтың тағы бір арланы Бекболат Қаленовтың жұбы да өзгелерден қалыс қалмады.
– Айтыс деп жиі келем бұл өңірге,
Теректім, орның бөлек жүрегімде.
Наурыздың тамашасын өзің бастап,
Жақсы іске түрулі екен білегің де.
«Бір тал кессең, он тал ек» деген бабам,
Теректім 15 мың деп шіренуде.
Наурызға облыстық айтыс жасап,
Жатқандай ажарланып ре-ңін де.
Наурызда терек егіп қана қоймай,
Теректім жүректерге жыр егуде, – деп бастаған Жарқынбек төкпелетіп келіп,
– Кемеңгер ұлтымыздан айналайық,
Көжедей витаминге бай болайық.
Сырттан жау, іштен дауым қауламасын,
Әрдайым бес қарумен сай болайық.
130 ұлт қайнаған бір қа-занда
Қуатты мемлекетке айналайық, – деп қорытса, Бекболат:
– Наурыз келсе жадырап, жайраңдайсың,
Көрісіп, қуанысып, сайраңдайсың.
Мереке мейірімін төгіп келсе,
Еліме көктем құшақ жайғандай шын.
Бас-басыңа бұл тойда тілейтінім,
Балтырын байпақ қысқан бай болғайсың.
Егемендік, еркіндік еншім болса,
Енді ешкім азаттықтан айыра алмайсың.
Текті өнерді жыл сайын ұлықтаған,
Сыйына елдің қалай сай болмайсың.
Теректіде жыл сайын жыр төккізген,
Тәуелсіз елден қалай айналмайсың, – деп жырлады.
Төрт сағатқа созылған Наурыз айтыстың нүктесін «Алтын домбыра» иегері, Жайықтың мақтанышы Жансая Мусина мен теректілік Эльдар Ихсанов қойды. Қос ақын әзілдері жарасып, әдемі айтыс жасады. Көрерменнің арқасы қозып, ұзақ уақыт жерлестеріне және қазаққа ортақ Жансаяға қошемет көрсетті.
Сахнаға көтерілген аудан әкімі Тілек Александрұлы төл өнерге құрмет көрсетіп, айтысты тапжылмай тамашалаған теректіліктерге және жырдан шашу шашқан ақындарға алғыс білдірді. Аудан басшысы Наурыз айтысты ұйымдастыруға сеп болған Бауыржан Ергенұлына қамшы өрудің шебері Ұлан Сайтмұхаевтың арнайы дайындаған туындысын сыйға тартты. Сонымен қатар Теректіге келген қонақтар Дариға Мұштанова, Тілек Жазықбай, Сағынтай Бисенғалиев және Бауыржан Ғұбайдуллинге құрмет көрсетті. Ақындарымыз да сыйдан құр қалмады. Жыр жүйріктеріне Тақсай ханшайымы, Айшуақ хан, Жантөре хан, Әбубәкір Кердері, Марабай жырау, Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Қайрат Жұмағалиев, Тайыр Жароков, Асылбек Ишанов, Сағат Әбдіғалиев, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Ақмаржан Таубаева атындағы жүлделер берілді. Теректілік ағайын Аяш Айғалиева, Ділнәз Есмағұл сынды ақын қыздарына домбыра сыйлады.
Ақындарға деген құрмет осымен түгесілмеді. Қызықтың көкесі алда еді. Кәсіпкер Антон Бауткин ортаға шығып, «Ассалаумағалейкүм, ағайын!» деген сәтте зал дүр сілкінді. Айтыс көрген кәсіпкер сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен теректілік Эльдар Ихсановқа қаржылай сый ұсынды. Қазақтың асыл өнеріне ілтипат көрсеткен кәсіпкерге «Әп, бәрекелді!» дестік. Сөйтсек, бұл соңы емес екен. Теректінің тағы бір Атымтай жомарты, кәсіпкер Талғат Қайнекешов ауданның қолы ашық, көкірегі ояу азаматтары атынан Жансая Мусинаға, Мейірман Шәкеновке және Әділ Ахметовке де арнайы жүлделерді табыстады. Облыстық тілдер басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев пен Орал қаласындағы мәдени-ағарту бірлестігінің төрағасы Серік Тоқмамбетов ақжайықтық Бекболат Қаленов пен жаңақалалық Данияр Нысанғалиевке сый-сияпат көрсетіп, мәрттік жасады.
Міне, Теректі Ұлыстың ұлы күнін осылайша қарсылады. Аудан төрінде қазақы нақышқа толы іс-шаралар бір апта көлемінде өтіп, ақындар айтысымен айшықтала түсті. Облыс бойынша алғаш боп Наурыз айтысты ұйымдастырған Теректі жұртшылығына ақындар да, қонақтар да риза болып тарқасты.
Әділет Орынбасаров,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz