29.03.2022, 18:19
Оқылды: 60

Мерейтойға арналды

Бөкей ордасы ауданы әкімдігінде Орда ауданының құрылғанына елу жыл толуына орай салтанатты жиын өтті.

IMG-20220329-WA0013

Мерейтойлық шарада сөз алған аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:

̶ - Бөкейлік ағайындарды ауданның қайта құрылғанына 50 жыл толған айтулы мерейтойымен құттықтаймын. Тарих – тек қана өткен шақтың естелігі ғана емес. Ол – халықтың жады, ажырамас бөлшегі, тереңге тартқан тамыры. Тарихқа арқа сүйемесе, болашақ бұлыңғыр. Қасиетті Бөкей ордасының қазақ тарихында алар орны ерекше.

Сол кезеңнің алғашқы күндерінен бастап шаруашылық тізгінін ұстаған ағаларымыз Рахметолла Егізбаев, Мұрат Насимуллин, Жексенбай Бекенов, Байғұтты Сапарғалиев, Меңеш Сабыров, Қадыр Ғайсин, Жексенбай Хайроллин, Тауасих Мырзағалиев елді ұйымдастырып, Бөкей ордасының биік мәртебесін өз қолдарымен қалағандары әрқашан ел есінде, көпшілік құрметінде деп білеміз.

Қазақ елі тарихында өркениеттің ошағы болып, «тұңғыштар мекені» атанған қасиетті Бөкей ордасы жаңа заманға сай қайта түлеп, түрленіп дамып келеді. 50 жылдық ауданымыздың тарихи атауының қайта жаңғыруынан бастап, өлкемізге көгілдір отынның келуі, елді мекендердің таза сумен қамтылуы, ауыл шаруашылығының жоғары деңгейде дамуы, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жаңа білім орындары, Бөкей мен Жәңгір хандардың, Құрманғазы мен Дәулеткерей күйшілердің, Мұхамед-Салық Бабажановтай саңлақтарымыздың басына белгі, бейітіне күмбез қойылуы сияқты рухани құндылықтар мен тарихи-өлкетану мұражайы тәрізді тағы да басқа мәдени ошақтардың қайта жаңғыруы, заманауи үлгідегі үйлердің бой көтеріп, ауыл ажарының абаттандырылуы сынды көптеген әлеуметтік саладағы  игілікті істердің жүзеге асуы – жасанған, жасарған және жаңарған аймақтың көріністері.

Алдағы уақытта да ауданымызда шешуді қажет етіп тұрған бірнеше күрделі мәселелер болғанымен, ел дамуының басым бағыттарын жүзеге асыруға ел болып барша бөкейліктерді еңбек етуге шақырамын. Ауданның айтулы мерекесі құтты болсын! Киелі Бөкей ордасы ауданы қарыштап, дами берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз мәңгі, елдігіміз еңселі болсын! ̶   деп ақжарма тілегін жеткізді.

Одан кейін сөз алған аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Тілеген Арыстанбеков:

- Сонау 1952 жылы мәжбүрлі түрде кіндік кескен атакүлдіктерінен үдіре көшкен жұрт облыс аумағынан асып, сонау Шымкентке дейін барған. Ат басын тіреген жерлерінде оларды жайлы тұрмыс, жақсы өмір күтіп тұрған жоқ еді. Әлжуаз бала, ауршаң қарттар жол көтере алмай, жол үстінде қайтыс боп кетсе, көбісі барған жерлерін жерсіне алмай, азып-тозып, қашып-пысып елге оралған. Ал сол барған жерлерінде қалып қойған жерлестеріміз араға алпыс-жетпіс жыл салып, келгенде «атажұрттарын мүлдем құрып кетті, ізі де қалмады» деп ойлап келгендерін айтады. Осы жайттарды бастан кешкен аға буынды біз көре қалдық, әңгімелерін тыңдадық. Қазіргі балалар үшін бұл кітаптағы әңгіме не кинодағыдай көрінуі мүмкін. Қазіргі білім саласының басы-қасында жүргендей туған жеріміздің трагедиясын өскелең ұрпақтың санасына сіңдіре білуіміз керек. Бабалар ерлігі, бел жазбай, еңбек еткен аға-апалар еңбегі ұмытылмауы керек. Елу жылдық мерейтой деп жатырмыз осындай тойлар тойлау үшін, ойлану үшін керек. Бардың қадірін біліп,   құрметтей білуге үйретеді, ̶  деп сөз алды.

IMG-20220329-WA0018

Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева:

̶ - Аудан еншісін алып, бөлек шыққан сонау 1972 жылдары аға-апаларымыз ауданның іргетасын қалады. Жоғалып кете жаздаған елдің еңсесін тіктеді. Сол кездегі билік басындағы ағаларымыз аз мүмкіндікпен көп жұмыс тындырғаны үлгі, өнеге боп қала бермек, ̶   деді.

Аудан қайта құрылған жылдары қызмет жасаған ардагерлеріміз Иран Дәуленов, Болат Лұқпанов пен Зейнеп Абдрахмановаларға құттықтау хаттарын табыстады.

IMG-20220329-WA0017

IMG-20220329-WA0016

̶Аудан құрылып, Рахметолла Егізбаевтың басшылығымен жаңа құрам жасақталған кезде отыздан енді асқан жас маман боп, қызметке келіп, зейнетке кеткенше табан аудармастан еңбек еттім. Зейнетте болсам да, жергілікті биліктің атқарып жатқан жұмыстарынан жақсы хабардармын. Жақсылықтарына тілекшіміз. Бізге осы еліміздің әл-ауқатының күн санап жақсарып, қарыштап дамығанынан басқа еш нәрсе керек емес. Ел аман, жұрт түгел болса, біз де аманбыз, біз де бармыз. Тілегіміздің осы, - деп ризашылығын білдірді.

IMG-20220329-WA0014

Айтулы дата тек бұл шарамен шектелмесі анық. Аудан мерейтойы мәдени-спорттық шаралармен жыл соңына дейін жалғаспақ.  Елу жылдық тарихын арқау еткен екі бірдей кітап шығару қолға алынған. Сәуірде ғылыми конференция өткізу жоспарланғанын айта кетсек, артық болмас.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале