Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев Федоровка ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Жиынға ҚР Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Евгений Глотов, БҚО ішкі саясат басқармасы басшысы Дархан Қадралиев, аудандағы мемлекеттік мекемелер басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әкімдердің халықпен кездесуінің жаңа форматы енгізілген болатын. Осы жаңа форматтағы есеп беру кездесуінің алғашқы жиыны Федоровка ауылдық округінің орталығында өтті.
Тұрғындармен кездесу жиыны шартына сай, әлеуметтік-экономикалық даму жайында қысқа да нұсқа ауылдық округ әкімі Әсет Сәбитұлы таныстырды.
Қысқаша айтсақ, округ бойынша 17 жас маман 74 383 500 теңге көлемінде бюджеттік несие алды. Оның сегізі - білім беру саласында (35 004 000 теңге), үшеуі денсаулық сақтау саласында (13 126 500 теңге), алтауы мәдениет саласында (26 253 000 теңге). Және де 33 жас маманға көтерме жәрдемақы (9 626 100теңге) берілді. «Округ бойынша 220 кәсіпкерлі нысан белсенді жұмыс жасап тұр. Ауыл тұрғындарын қолдау мен шағын бизнесті дамыту мақсатында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде кәсіпкерлер қатары толығып отыр. Мәселен, 17 отбасы қайтарымсыз грант алып өз кәсіптерін бастады. «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде 28 адам кәсіпкерліктің әліппесін үйреніп шықты» деп кәсіпкерлік жайын айтқан ол жұмыссыздықты азайту шараларын да айта кетті.
Осы жайларды айта келіп, Әсет Сәбитұлы кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтуда да атқарылып жатқан жұмыстар барын жеткізді. Және аудан орталығында ауылішілік жолдарды жөндеу де жалғасады екен.
Бұдан әрі аудан әкімі Тілек Габдушев тұрғындарды тыңдап, алаңдатып жүрген сұрақтарына жауап берді. Оның ішінде жол, су, мал жайылымы, күрделі жөндеуді қажет ететін ғимараттар, жетіспейтін мамандар жайында сауалдар болды.
Кездесу жоспарлы түрде, жеке мәселесімен келген азаматтарды қабылдаумен жалғасты. Аудан әкімі Т.Габдушев, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Е.Глотов бастаған жұмыс тобы құрамында мемлекеттік мекемелер мен дербес бөлім басшылары болды.
ҚР Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Е.Глотовтың қабылдауында болған Подстепный ауылдық округінің тұрғындары Г.Сейтқалиева мен С.Нұғыманова жоғарғы вольтты электр бағаналарын ауыстыру жөнінде сөз қозғады. Г.Глушакова,Г.Ғабдрахманова, К.Өмірбаев, З.Ахтямова тұрғын үй мәселесі жөнінде жолықты. Ал, Федоров ауылының тұрғыны, кәсіпкер А.Савченко сот төрағасымен жол-көлік оқиғасы бойынша кеңесті.
Жаңа форматта өткен кездесу халық пен атқарушы билік ортасында қолжетімді байланыс орнатуға болатынан көрсетті. Әсіресе халықтан - сұрақ, әкімнен – жауап кезеңі бірқатар мәселені назарға алуға сеп болды.
Ауданға жұмыс сапарымен келген топты аудан әкімі құрылысы жаңадан басталған емхана алаңына апарып, «Теректі» кешенімен таныстырды.
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz