Биыл қыс қарлы болды. Оның үстіне қыс та өз үлесін бергісі келмегендей, наурыз айының соңына дейін боран соғып, күн жыли қоймады. Мол қар ауылдарды су басу қаупін де күшейтеді. Бүгінде Бәйтерек ауданында ауыл маңындағы су жүретін орындарды қардан тазартып, қауіптің алдын алу шаралары қарқынды жүріп жатыр.

Жуырда Январцев ауылдық округінің әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер және ауыл тұрғындары бірлесіп, ауыл маңын басқан қардан тазартты. Бірнеше техника бір топ адам атсалысқан шара барысында су жүретін орындар мен жол бойындағы тұрба іштері қардан тазартылды. Ауыл ішіндегі табиғи арықтар да қардан арылтылып, қауіптің алдын алуға бағытталған біраз жұмыстар жасалды. Тіпті су жиналған орындарға арнайы техника алдырып, сорылған су далаға төгілді.

Ауыл әкімдігі мамандарының айтуынша, бұл жұмыстар әлі де жалғасады екен.
Аталған жұмыстар Щапов ауылдық округінде де қарқынды жүргізілуде. Жайық өзенін жағалай қонған ауыл ішінде қар арнайы техникамен сыртқа шығарылып, қар суы жиналатын орындар ретке келтірілді.
Бұл жұмыстар аудан әкімдігінің қатаң бақылауында. Басқа округтер де көп ұзамай тасқынның алдын алу жұмыстарына кіріспекші.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz