30.03.2022, 16:45
Оқылды: 52

Ауыл тұрғындарының жиыны

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Жәнібек ауылы тұрғындарының жиыны өтіп, оған аудандық мәслихаттың хатшысы Тахир Қадимов, аудан әкімнің орынбасары Асхат Молдағалиев, дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.

IMG_8816

Күн тәртібінде қаралған үш мәселе бойынша Жәнібек ауылдық округінің әкімі Абзал Қаратаев хабарлама жасады.

-Биыл мал жеті бағытта бағылады. Бақтышылар бойынша өзгерістер бар. Олармен алдын ала сөйлесілді, - деген ауыл әкімі аталған бағыттарға шығатын бақташыларды көшелер бойынша аты-жөндерімен таныстырып шықты. Мал бағу құны бір басқа - 1500 теңге. Мал бағудың күнделікті уақыты таңғы сағат 7-ден кешкі 19-ға дейін.

-Мал сәуір айының 1-інен бастап жайылысқа шығады. Бақташы сол кезден бастап, әр айдың 1-іне баққан еңбегіне ақысын сұрай алады. Осы ретте темір жолдың батыс бетіндегі мал иелеріне ескерту бар. Белгіленген бақташы бола тұра, кейбіреулер бес-алты үй болып, кезекпен бағамыз деп шығады да, бір апта өткеннен кейін мал бағылмай бетімен кетеді. Содан темір жолға, Ресеймен арадағы шекараға барады. Осы мәселеге орай былтыр темір жол мен шекара басқармасы басшылығынан көптеген дабыл түсті. Алдағы уақытта иесіз бос жүрген мал айыппұл тұрағына қамалып, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 408-бабына сай, мал иелеріне ескерту беріліп, айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылатын болады.

IMG_8817

Биыл мамыр айында арналар арқылы тоғандарға су келе бастайды. Ағымдағы жылы келетін судың көлемі 23 млн текше метр. Арналардың керек жерлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз, - деді Абзал Бақытұлы.

Оның айтуынша, табындарға қазақтың асыл тұқымды ақбас бұқаларын қосу бойынша да жұмыстар жүргізілмек. Аталық бұқалар ережеге сай аналық малдың санына сәйкес қосылатын болады. Осыған орай бұқамен қамтамасыз ететін шаруа қожалықтарының жетекшілерімен сөйлесілген. Қазіргі таңда 20 бұқа әзір көрінеді, жетпей жатса тағы да толықтырылмақ. Бұқалар жаз бойы табында болуы керек. Бұқаларды табындарға қосатын шаруа қожалықтарының жетекшілері бақташылармен малдың бағым-күтімі жөнінде өздері келісетін болады.

-Ауылдың санитариялық-экологиялық тазалығы, яғни қоқыстар мен мал көңін шығару жылдағыша ұйымдастырылады. Полигонның басында реттейтін жұмыстар бар. Қоқыстарды арнайы төгетін орынға апарып төкпей, әр жерге төгіп-шашып кетеміз. Өткен жылы күзде біркелкі қалыпқа келтіріп едік, қайтадан шашылды. Биыл қоқысты шығарудағы бір рейстің құны техниканың тасу көлеміне байланысты болады.

Иесіз иттердің мәселесімен наурыз айынан бастап, аудандық ветеринариялық станса айналыса бастады. Иттерді аулау жұмыстары жүріп жатыр. Күні бүгінге 70 ит ауланды. Бұл жұмыс алда да жалғаса береді, - деді А.Қаратаев.

Үшінші мәселе жеке тұрғын үйлердің тазалығына қатысты болды. Ауыл әкімінің сөзінше, әр жеке үйдің тазалығы фейсбукке салынып отырады. Бесқонақ өткеннен кейін әр тұрғын үйін әктеп, ауласын сырлауды бастауы керек. «Жасыратыны жоқ, кейбір тұрғын үйлердің ауласы мен сырт келбеті көшенің әркенін алып тұрады. Ондай үйлер М.Мәметова көшесінде бар. Спорт мектебіне қарсы «Мөлдір» дүкенінің қасындағы үйлер де сол көшенің көркін кетіріп тұр. Кәсіпкерлердің дүкендері мен қызмет көрсету нысандарының, мекемелердің айналасы мен келбеті талапқа сай болуы керек. Биыл ауданымыздың құрылғанына 100 жыл толады. Бір ғасырлық тойды мамыр айында атап өтеміз деген жоспар бар. Көптеген шаралар, дала қызықтары ұйымдастырылады. Алыс-жақыннан конақтар келеді деп күтілуде. Сондықтан айтулы шараға елдігімізді көрсетіп, жан-жақты дайындықтармен барайық», - деді Абзал Бақытұлы.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға А.Қаратаев, аудандық ветеринария стансасының директоры Біржан Ғұбашев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асылбек Қамашев жауап берді. Сондай-ақ Жәнібек шекара басқармасы бастығының орынбасары Қаршыға Мергенбаев тұрғындар малының мемлекеттік шекарадан жиі өтіп кетіп жататынын, соған орай ресейлік әріптестерінен хаттама келіп, қызметтік тексерулер жүргізілетінін, айыппұл салынатынын тілге тиек етіп, заңсыз миграция туралы да жұртшылықты хабардар етті.

Сондай-ақ жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев ауылдағы көше жолдарын асфальттауға қатысты жобалық-сметалық құжаттар жасақталып жатқанын, ауданның 100 жылдығына байланысты сенбіліктер өткізу, сәуір айында көше тойларын ұйымдастыруға ниет білдірушілерге қолдау шаралары көрсетілетінін баяндады.

Жиын соңында қаулы қабылданды.

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы  

   zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале