Атыраудағы әуежай Қазақстанның Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың, Ақтөбе әуежайы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың атын иеленіп тұрғанын қосқанда, еліміздің батыс өңіріндегі үш бірдей облыс орталығының әуе қақпасы батыр қыздарымыздың ат-сойымен ашылып тұр екен. Бұл – әлемнің ешбір елінде бұрын-соңды орын алып көрмеген бірегей (уникум) уақиға.
Иә, дүние жүзінде белгілі әйел адамдардың атымен аталатын әуежайлар аз емес. Мысал үшін Үндістандағы Индира Ганди атындағы халықаралық әуежайды, Грузиядағы Тамара патшайым атындағы аэропортты, Нидерландыдағы принцесса Юлиана атындағы, Елизавета есіміндегі әуежайларды келтіруге болады. Солардың арасында Стамбулда атақты Ататүрік халықаралық аэропортымен қанаттасып тұрған Сабихи Гекчен атындағы әуежайдың тарихы қызықты. Шыққан тегі босналық Сабихиді кішкене кезінде Ататүрік бауырына басып, көгілдір көзді болғандықтан, Гекчен (көкаспан текті) деген есім береді де, соңынан шетелге жіберіп, әскери ұшқыш мамандығына арнайы оқытып алады. Сөйтіп, Сабихи Түркия тарихындағы тұңғыш әйел әскери пилот атанады.
Ал бізде ежелден семсерін сертке байлаған батыс аймағының үш бұрышында ерліктің, өжеттіктің символы үш батыр қызымыз айбар шақырып тұр. Ерлікке әрқашан орын бар, десе де, бүгінгідей қарудың, жауынгерліктің сесі басым түсіп тұрған қилы кезеңде қоғамның, қызмет басындағы азаматтарымыздың бұл істі орнына келтіруі қай жағынан алып қарасақ та, өте қажетті амал болды. Оң болсын! Ендігі міндет – Мәншүк апамыздың 100 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде өткізу.
Мақсат Тәж-Мұрат,
жазушы-эссеист,
Алматы қаласы