4.04.2022, 12:10
Оқылды: 70

Қызыл судың әлегі

Бөрлі ауданында он екі тұрғын үйді еріген қар суы басты. Төтенше жағдай Ақсай қаласы іргесіндегі Қызылтал ауылында орын алды. Қазіргі кезде тұрғындарға төтеншеліктер көмекке келіп, арнайы техникалар суды сорып жатыр.

СУ2

Тосыннан тап берген тасқын су ауылға жұма күні түстен кейін сағат 16.00-дер шамасында келген. Бұған дейін мұндай көлемдегі судың келгенін көрмеген тұрғындар не істерлерін білмей қалғандарын айтады.

Сол күні Бөрлі ауданы әкімі Миржан Сатқановтың шешімімен 2022 жылғы 1 сәуірден бастап аудан аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдайларды жою бойынша аудандық штаб құрылып, қауіпті аумақтарда тәулік бойы жұмыстар жүргізіліп, кезекшілік ұйымдастырылды. Қызылтал ауылының тұрғындары үшін тұрғын үйлерінің суға кету қаупі төнген жағдайда Ақсай қаласының №7 ЖОББМ базасында эвакуациялық орталық қызметі жасақталды.  Сегіз адам мектеп ғимаратына оқшауланды. Оның төртеуі бала. Ал қалған тұрғындар туыстарының үйін паналауда.

СУ

-Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап екі тәулік бойы ауа райы күрт жылынуына байланысты  Қызылтал ауылының оңтүстік жағынан үлкен көлемде жиналған су келіп, ауыл ішіндегі табиғи арналармен өтті. Су көлемі көбеюіне байланысты су өткізетін құбырлар үлгермей, тұрғын үйлерді су басу қаупі болғандықтан, асфальт төселген жолдарды бірнеше жерлерден жыру шешілді. Дей тұрғанмен, бірнеше үйге су кіру оқиғалары орын алды. Барлық жауапты қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Жедел штаб құрылып, 7 мектепте эвакуациялық орын ашылды, тәулік бойынша кезекшілік ұйымдастырылды. “Тілсіз жаудың” кесерінен зардап шеккен тұрғындардың үйлері тексерілді. Жауапты қызметтерге жәрдемдесіп, бірлесіп жұмыстанған тұрғындарға алғысымызды білдіреміз. Қазіргі уақытта Қызылтал бағыты бойынша жағдай тұрақталып, бақылауда тұр. Сонымен қатар ауылдың солтүстік жағынан да 2 сәуірден бастап мол мөлшерде су келуде. Солтүстік айналма жол бойымен Аралтал ауылына барады. Осы кезде Шыңғырлау өзенінің деңгейі көтеріліп, қауіп туындауда. Барлық қауіпті орындарда бақылау кезекшілігі ұйымдастырылды, - деп жазды өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндыков.

Төтенше жағдайдың орын алуына орай ауданға Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегенов арнайы жұмыс сапарымен келіп, жағдайды өз көздерімен көрді.

Сенбі күні Достық ауылынан 5 км жерде «Бөрлі-Ақсай-Жымпиты» жолының 87 шақырымын су басып, ені 6-7 м, тереңдігі 7-20 см топырақты жол төсемі арқылы су тасқыны орын алған еді. Дегенмен елді мекенді су басу қаупі болмады.

СУ4

Ал Кеңтүбек ауылдық округіне қарасты Бақтыарал елді мекенінің тұрғындары Шыңғырлау өзенінің арнасынан тасуы біраз әбігерге салды. Ауылдағы 23 үйдің тұрғындары судың ортасында қалды. Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу барысында 2 сәуір күні кешке қарттар, балалар, сондай-ақ әйелдер ауылдан эвакуацияланды. Округ әкімі Нұрлан Ғазиевтың айтуынша, қазір жағдай тұрақты, су үйлерге кірмеді, тек ауылдың көшелері мен айналасынан ағып жатыр. Айта кетейік бұған дейінде Шыңғырлау өзеніндегі судың қауіпті деңгейге көтерілуіне байланысты жергілікті маңызы бар «Ақсай-Кеңтүбек» автожолы (топырақты)  учаскесінде су тасуы болған еді. Елді мекендерді су басу қауіп болмады, су ойпаттарға қарай бағытталды.

Ақсай қаласында су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасуда.

4 сәуір күнгі мәлімет бойынша,  тәулікке 1160 текше метр, барлығы 17435 текше метр еріген қар суы сорылды. Жұмыстарға 5 мотопомпа, 8 Ассенизатор, 4 жүк машиналары, 2 тиегіш, 3 МТЗ, 1 УАЗ техникалары тартылды. Аудандағы ауылдық округтеріндегі жағдай қалыпты.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале