Әмбеге аян, дәл қазіргі уақытта көктемгі су тасқыны кезеңінде өкінішке орай, облысымызға қарасты бірқатар ауыл зардап шегіп отыр. Ал Теректі ауданының хал-ахуалы қалай? Қарғын су кезеңінде теректілік төтеншіліктер қандай шаруа атқаруда?
«2022 жылғы көктемгі су тасқынын қауіпсіз өткізу бойынша іс-шаралар жоспары» дайындалып аудан әкімімен бекітілді, деп хабарлайды, Теректі ауданының төтенше жағдайлар бөлімі.
- Биылғы жылдың 18 ақпанда аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша тасқын суды қауіпсіз өткізу шаралары қаралды.
Аудан әкімдігімен төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жанар-жағармай, инертті материалдар және қаптар дайындалды. Сонымен қатар елді-мекендерден қар шығару жұмыстары қолға алынды. Барлығы 4110 м3 қар шығарылғанын айта кеткен жөн. Автожолдардағы және ауылішіндегі су өткізу құбырлары тазартылды.
25 наурыз- 02 сәуір аралығында Подстепное, Ақжайық, Федоровка, Жаңа өмір ауылдарында су басу қаупі төнген тұрғын үй көшелерінен еріген қар суын сору істері атқарылды. Барлығы 7354м3 су сорылды.
Алдын алу шаруаларына қарамастан, ауа райының күрт жылынуына және қардың қарқынды еруіне байланысты, 1 сәуірде Төңкеріс ауылының жергілікті автожолының 5- шақырымында еріген қар суының шаюы (басуы) орын алды. Төтенше жағдайлар бөлімі, №12 өрт сөндіру бөлімі, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері күшімен суды айдау, су өткізу құбырының жолдары тазартылды.
Ал 2 сәуір күні Сары өмір – Дуана ауылдарын байланыстыратын жергілікті жолдың 9-шы және 20-шы шақырымын су шаю жағдайы тіркелді. Дәл осы күні Долин ауылының маңында республикалық маңызы бар «Подстепное-Федоровка-РФ шк.» автожолының 52-ші км еріген қар суы жолдың үстімен ағу оқиғасы орын алды. Еріген қар суының көп мөлшерде және қарқынды келуіне байланысты автожолдағы су өткізу құбырлары суды өткізіп үлгере алмады. Судың жол үстімен ағуын тоқтату үшін «Қазавтодор» ЖШС филиалының күш пен құралдары жұмылдырылды. Автокөлік қозғалысы тоқтатылған жоқ. Сондай-ақ, 3 сәуір күні Новопавловка, Пойма ауылдары ішінде қырдан аққан еріген қар суы жайылды. Тұрғын үйлерді су басу оқиғасы тіркелмеді.
Бүгінгі таңда жұмыстар атқарылуда. Алаңдауға себеп жоқ, - деген Теректі ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жарас Көпжасаров жұртшылықты уайымдамауға шақырды.
Елырыс Елмұрат,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz