7.04.2022, 15:00
Оқылды: 47

Тігіншілік тек өнер емес, табыс көзі

Теректі ауданының Ақсоғым ауылында тұратын Алина Серікбаева – тігінші. Бұл өнер оған анасы Әлиядан дарыпты.

WhatsApp Image 2022-04-06 at 14.49.47

Қыз бойына ізгі амалдар мен үлгі-өнегені қалыптастыруда  анасынан немесе әжесінен үлгі алады. Сондықтан «анасын көріп - қызын ал» деген мақал қалыптасқан. Қолы шебер анасының жанында жүріп Алина аспаздық, тоқыма тоқу, сурет салуды үйренді. Бастаған ісін аяқтамай дамыл таппайтын анасына қарап, жақсы қасиеттерін бойына жинап алды.

Сол тәрибемен өскен қыз Алина бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған жан. Ол тігіншілікке ден қойған.

-Тігін тігу үлкен еңбекті, шыдамдылықты  қажет етеді. Әр қиықты мұқият орналастыру, шалыс кеткен жерін сөгіп, қайта тігу сабырлы болуды шыңдайды. Ине-жіпке кішкентай күнімнен қызығушылығым болды. Жасөспірім кезімде анам қасына отырғызып, «қыз бала тігін тіге білуі керек» деп үйрете бастады, – дейді ол.

Бүгінде өзі де бір адамға тігіншілікті үйретер қабілеті бар Алинаның негізгі мамандығы – технолог. Басында тігіншілікпен жай қызығушылық ретінде айналысқан ол қазір осы істен табыс тауып отыр.

-Қазір қай істі болса да, ізденіп үйренуге болады ғой. Ғаламторда үйрену жолын көрсеткен бейнежазбалар толып тұр. Соларды бірнеше қайталап көріп жүріп, құрақ көрпеше, әдемі жапқыштар мен сәнді киімдер тігуді үйреніп алдым. Үйрену де оңай болған жоқ. Салғаннан  пайда да тапқан жоқпын. «Көш жүре түзеледі» деген, тіккен бұйымдарымды әлеуметтік желідегі парақшамнан көрген адамдар тапсырыс бере бастады. Олардың арасында қазір тұрақты тұтынушыма айналған жандар бар. Жасаған жұмысым тапсырыс берушінің көңілінен шықса, қуанамын. Шабыттанып, тағы да жақсы бұйым тіксем деймін,-деп кәсібінен хабар берген Алина Ержанқызы «өзімнің жеке шеберханамды ашуды армандаймын.  Соған қолым жету үшін ізденіс үстіндемін» деген жоспарын да айтты.

Жауһар Нұрым,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале