Биыл Ақжайық ауданында бірнеше елді мекенде тұрғын үй құрылыстары басталып, ауыз су желісін жүргізу, жарықтандыру бойынша ілкімді жұмыстар қолға алынбақ. Бұл жөнінде аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Мейрам Қайыржанов газет тілшісіне берген сұхбатында баяндайды.
– Алдымен құрылыс жұмыстары былтыр басталып, биыл жалғасын табатын нысандарға тоқтала кетсем. Олар Тайпақ ауылындағы 2 қабатты 12 пәтерлі тұрғын үй мен аудан орталығындағы 3 қабатты 24 пәтерлі 2 баспана. Алғашқысының мердігері «Айтемір-Құрылыс» ЖШС болса, Чапаев ауылындағы баспананы «Brat.M» ЖШС салуда. Межеленген жұмыстардың уағдаласқан мерзімде аяқталуына құрылыс материалдары бағасының күрт өсуі кедергі болып тұр. Сондықтан осы екі нысан бойынша қаржыландыру жоспарына түзетулер енгізіліп, қосымша қаражат бөлу үшін облыстық бюджетке өтінім жолданды, – дейді бөлім басшысы.
Тұрғын үй кезегінде тұрғандарға оң жаңалық – аудан орталығында 3 қабатты 36 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, қаражатты бөлу үшін бюджеттік өтінім жолданған. Ақсуат, Алмалы, Қабыршақты, Ілбішін, Мерген ауылдарында бірқатар қоспәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын жүргізетін мердігерлер анықталып, жұмыс бүгін-ертең басталады деп күтіп отыр.
Мемлекет қаражатына салынатын баспанадан бөлек тоғыз жолдың торабында орналасқан Чапаев ауылында тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрғандардың да қатары қалың. Солардың сұранысын қамтамасыз ету үшін 2020 жылы елді мекеннің солтүстік және оңтүстік ауданындағы 294 учаскеге су құбырлары төселді. Былтыр мұнда газ желісі жеткізіліп, биыл электр сымдары тартылмақ. Осы жұмыстар аяқталған бойда жер кезегінде тұрған 294 адам өз баспаналарының құрылысын бастауға мүмкіндік алады. Жақсы жаңалықтар легі мұнымен таусылмайды. Аудан орталығының оңтүстік бөлігіндегі 128 учаскеге газ және электр желісін жеткізу үшін қаражат бөлу үшін өтінім жолданып, енді осы учаскелерге су құбырларын төсеу үшін ЖСҚ дайындалу үстінде. Жыл сайын көлемі ұлғайып келе жатқан Чапаев ауылының шеті күні ертең іргелес орналасқан Жайық ауылына да жетеді. Сондықтан Жайық ауылынан Чапаевқа қарайғы жер учаскелерін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым игіліктеріне қосу үшін қажет құжаттар жасақталуда.
Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 95,9 пайызы ауыз су құбырын үйіне кіргізуге мүмкіндік алды. Десе де, әлі де суын құдықтан тасып отырған ауыл тұрғындары жоқ емес. Осы мәселенің күрмеуін шешу үшін былтыр Мойылды, биыл Самал ауылдарына су кіргізілсе, тінәліліктердің де «қолын ыстық суға малатын» күні алыс емес. Жаз келсе, суы лайланып, сыздықтап қалатын Чапаев ауылының тұрғындарының құлағына алтын сырға – мұндағы су құбырын қайта құру үшін ЖСҚ дайын, бүгінде құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігерді анықтау үшін конкурс жүргізілуде. Құны 2 млрд. теңгеге жуық үлкен жұмыс ауқымын жүзеге асыратын құрылыс компаниясы анықталған бойда реконструкция бойынша қарекет басталып кетпек.
Түнгі ауылдың сәні мен салтанатын келістіретін – көше шамдары. Жол бойына жағалай орнатылған жарық жолаушыға жол көрсетеді, түнгі уақытта қауіпсіздіктің де кепілі. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан орталығындағы Есенжанов көшесі мен Тайпақ ауылындағы Чапаев көшесіне электр шамдары орнатылмақ. Сонымен бірге Тайпақ ауылының Тайманов, Чапаев ауылының Меңдәлиев және Қонаев көшелерін жарықтандыру үшін қаражат бөлінеді.
– Бұл биыл атқарылар жұмыстардың тек ірілері ғана. Өзге де ауылдарда ауылдық округ әкімдерінің қаражатына ауыл игілігіне бірқатар қам-қарекет атқарылады. Тірлік бар жерде мәселе де болады, солардың бәрі біртіндеп шешілер, біздің мақсатымыз – ауылдағы ағайынның заман ұсынып отырған барлық мүмкіндіктерге қол жеткізуі, – дейді Мейрам Мұратұлы.
Тоғыз жолдың торабындағы іргелі мекеннің көрінісі, қазіргі келбеті осындай. Өңір көркеюде, өмір сапасы сәт сайын сатылап көтерілуде. Баршаның тілегі - сәтімен аяқталған игі істер көбейе берсін.
Әсел Сағын,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz