Қазталов ауданына қарасты Талдықұдық ауылдық округінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба жүзеге асты.

«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында бой көтерген жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға беріліп, ауылдың төтенше жағдайларға дайындық мүмкіндігі артты.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Нұралы Мусиев, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев және ауыл тұрғындары қатысты.

Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары жаңа бекеттің Талдықұдық үшін маңызына тоқталды.
— Талдықұдық ауылында заманауи талаптарға сай өрт сөндіру бекетінің ашылуының өзіндік себебі бар. Ауылдық округ бірнеше елді мекенмен қатар Ақжайық және Тасқала аудандарының аумақтарымен шектеседі. Бұған дейінгі жылдары орын алған өрт оқиғалары жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейтудің қажеттігін көрсетті, — деді Рашит Иманғалиев.
Оның айтуынша, аудан бойынша өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Биыл екі ауылдық округте өрт сөндіру бекетін салу жоспарланып, тамыз айында Болашақ ауылдық округіндегі нысан ашылды. Енді осындай нысан Талдықұдықта да ел игілігіне қызмет етпек.

Жаңа бекеттің іске қосылуы төтенше жағдай кезінде оқиға орнына жедел жетіп, алғашқы әрекеттерді уақтылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе елді мекендердің бір-бірінен шалғай орналасқан ауылдық аумақтар үшін маңызды.

«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы шалғай елді мекендердегі қауіпсіздік жүйесін нығайтуға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға және өртке қарсы ерікті құрылымдардың әлеуетін арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясындағы жұмыстар ауылдық жерлерде төтенше жағдайлардың алдын алуға және олардың зардабын азайтуға мүмкіндік беретін маңызды тетікке айналып келеді.




Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Қазталов ауданы