6.04.2022, 17:20
Оқылды: 28

Шығынды бағамдайтын комиссия құрылды

Бүгін Шыңғырлау аудан әкімінің орынбасары Дархан Абдрашитовтың төрағалығымен жиын өтті. Жиын мақсаты – қазіргі таңдағы өте күрделі және өзекті болып отырған, көктемгі су тасқыны зардаптарын жою, тұрғындарға және олардың мал-жанын сақтауға жан-жақты көмек ұйымдастыру, шығындарды есептеп, тұрғындар үшін қолдау қорларынан бөлінер қаражат үшін құжаттар әзірлеу мәселелері ортаға салынды. Жиында ең алдымен сөз алған Шыңғырлау аудандық төтенше жағдай жөніндегі бөлімінің бастығы Бақтияр Катчетов бүгінгі күнгі ақпаратпен таныстырып, топан судан келген ауыл аймақты, тұрғын үй, қора жайлары мен су жырған тас жолдар мен су шайған  көпірлер туралы нақты мағлұматтар берді. Биылғы көктеммен қоса қиын жағдай бірге келіп, аудан және ауыл тұрғындарын әбігерге салып, ал қорадағы мал-жаннан  аз-мұз  шығын орын алғаны цифрлармен көрсетілді.

IMG_8451

«Қауіп беті әлі қайтқан жоқ, кейбір аумақтарда әлі де кезекшіліктер қойылған. Жауапты қызметкерлер су деңгейін сағат сайын өлшеуде, басшылар мен арнайы мамандардан құралған топ территориялары аралау жұмыстарын жоспарлы түрде атқаруда», - деді  бөлім бастығы. Сегіз ауылдық округ бойынша хал-ахуал тұрақты, десек те әлі де жағдай күрделі. Айта кету жөн, ауылдық округтердегі тұрғындардың, көмекке келген қызметкердің  арқасында  шығын көлемі азайған. Тағы бір айтарлығы, тұрғындар жеке мүліктерін, мал басын сақтауда  өздері де күш салған. Өкінішке орай,  Алмаз ауылдық округінде мал шығыны, ал Қайыңды мен  Ақбұлақта  қора-қопсыға  су тиген. Барлық округтер бойынша айтсақ, адамдар аман, ал мал басына келер болсақ, 3 қой, 12 жас түлік (қошақандар) шығыны орын алған. Әйтсе де барлық зиянды есептеп, комисия шешім шығарғаннан кейін, тіркелген құжаттарға сай,  шығын орны жабылмақ.

Жиынды жүргізіп отырған Дархан Ережепұлы: «Бұл төтенше жағдайда, әйтеруір адам шығыны жоқ, ең бастысы сол. Ал су тиген үйлермен, мал қоралары болса, оны жөндеуге болады. Ендігі алда тұрған мақсатымыз, бұл барлық шығындардың көлемін есептеп, ауыл адамдарына қолқабыс көрсету. Сол себепті комиссия құрылып, жұмысқа кіріспек. Сондай-ақ комиссия мүшелерінің бұл істе жауапкершілік танытулары қажет әрі сауатты түрде жұмыс ұйымдастырумыз міндет», - деді.

IMG_8408

Айта кету жөн, тасқын судан келген шығындарды есептеуші комиссия халықпен  тығыз жұмыс істеп, түсіндірумен де айналысуы да артық болмас. Сондай-ақ бір ескере кететін мәселе – топан су кесірінен құлаған үй немесе  мал қорасына арналған нысандар болса бәрінің де шығынды дәлелдейтіндей құжаттары жинақталуы тиіс. Нысандардың төтенше жағдайға дейінгі және одан кейінгі фотосуреттері, хаттама, актілері, оған қоса нысанның  немесе үйдің мемлекеттік актісі, иесінің жеке басын куәландырушы құжаты болуы тиіс.  Сондай-ақ шығын болған малға қатысты да құжаттары (сырға нөмірі, ИСИДО тіркелгендігі) нақты болуы шарт.

Жиын кезінде мал басына, залал келген тұрғын үйге қатысты бірнеше сұрақтар болды. Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департамент басшысының  ауыл адамдарына,  әсіресе көмекке келген қызметкерлеріне бірнеше күн бойы жылы орын, ас-суын әзірлеп, жұмысқа жағдай жасаған Ақшат, Қайыңды, Қарағаш ауылдарының тұрғындарына жолдаған алғысы айтылды. Ал ауыл ақсақалы Сабыр Сәмиев төтеншеліктерге  бұл қауіптің алдын алуға болар ма еді деген сұрағын іркіп қалмай, жауабын тыңдады.

Жиын соңында комиссия мүшелерінің тізімі бекітіліп, жұмыс жоспарлары нақтыланды. Сондай-ақ аудан әкімнің орынбасары Дархан Ережепұлы бөлім басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне, жауапты мамандарға берілген тапсырмаларды орындау барысы жөнінде  күн сайын ақпарат беруді тапсырды.

                                                                                                      Айсұлу Муса,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале