Ақ Жайық өңірінде небір күміс көмей, жезтаңдай әншілер бар. Қазақ әнінің өрісін кеңейтіп, өресін биіктеткен кең тынысты, асқақ үнді Мұхит Мерәліұлы мен Ғарифолла Құрманғалиевтердің ізін жалғастырып, диапазоны кең классикалық әндерді шырқап жүрген таланттардың бірі – Айбар Хайырханов десек, жаңылыспаспыз. Ол ән салғанда тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, ел-жұртты еріксіз елең еткізеді. Даусының кеңдігі (диапазон) мен ұнамды сазы (тембр) арқылы талғамшыл тыңдармандардың көңіл төрінен орын алуда.
Казталов ауылындағы ұстаздар отбасында дүниеге келген Айбар Асқарұлы бала күнінен ән-жырға құмар болып өскен. Әкесі, марқұм Асқар Хайырханұлы тарих пәнінің, анасы Күләш Қадемқызы физика пәнінің мұғалімі болған. Екеуі де Оралдағы А С.Пушкин атындағы педагогикалық институтты тәмамдаған. Олар ұстаздық қызмет атқарып жүрсе де, өнерден құр алақан емес еді. Анасы жас кезінде өз ортасында мың бұралған биші, ал әкесінің отырыстарда «әу» дейтін әдеті болыпты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, жыршы-термеші Хатимолла Бердіғалиев – кейіпкеріміздің нағашысы. Өнер кейіпкерімізге қан арқылы дарыса керек.
Осындай өнерлі отбасында өскен ол мектеп қабырғасында домбыра үйірмесіне қатысып, қоғамдық іс-шараларға белсенді атсалысқан.
Орта мектепті тәмамдаған соң 2004 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің мәдениет және өнер факультетіне вокал мамандығы бойынша оқуға қабылданады. Жоғары оқу орнында КСРО халық әртісі, опера әншісі Ермек Серкебаевтың шәкірті, тенор дауысты әнші Қуанышбай Бижановтан дәріс алады. Білім ордасында саз өнерінің қыр-сырын меңгереді. Бүгінде ол – Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі.
Кейіпкерімізбен аз-кем тілдесіп, шығармашылығындағы, өнер жолындағы соңғы жаңалықтар туралы білген едік. Айбар Асқарұлы 2019 жылы Украинаның Трускавец қаласында өткен Муслим Магомаев атындағы вокалистердің халықаралық конкурсында жүлделі екінші орын иеленсе, Қырғызстанның астанасы Бішкекте ұйымдастырылған халықаралық «Романсиада – 2021» байқауында бірінші орынды жеңіп алған. Кейін елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты концерттер онлайн сипатқа көшті. Сол кезде кәсіби әнші табиғи дауыста «Жүректерді тербетеді күзгі әуен» атты ән кешін ұйымдастырып, тыңдармандарына ұсынған. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай тоғыз мемлекеттің кәсіби әншілеріне «Көзімнің қарасы» әнін орындатып, челлендж өткізеді. Сондай-ақ ол биыл Хатимолла Бердіғалиевпен бірге «Ес кіргізер есті әндер» атты электронды үнтаспа жазған болатын. Оған қазақ композиторларының 22 әні енген.
– Музыка – әлемнің ортақ тілі. Ол – тек өнер емес, біздің санамызға, денемізге, ағзамызға әсер етуші ұлы күш. Біздің, яғни ән орындаушылардың парызы – шығарманы халықтың жүрегіне жеткізетіндей шырқау. Сондықтан біз қай елге гастрольдік сапармен барсақ, сол елдің халық әнін орындауға тырысамыз. Австрияға барғанда Франц Петер Шуберттің әнін айттым. Қытайға, Ресейге барғанда да солай. Бірде гастрольдік сапармен Ресей Федерациясының Орынбор облысына бардық. Бізге жол көрсетіп жүрген қазақ жігіті бір үйге тоқтап, амандасып шығатынын айтты. Украин отбасының үйі екен. Қазақ жігіттің ата-анасы бұрын олармен көрші тұрыпты. Содан біздің қасымызда жүрген жолсерік бала дүниеге келгенде, украин отбасының да қуанышы еселеніп, шаңырақтарында кестетөгер қыз дүниеге келеді. Бала босанған соң қасымыздағы жігіттің анасы сырқаттанып, омырауынан сүт шықпай қалады. Сол кезде украин келіншек өзінің қызын да, бұл баланы да емізген екен. Бұл бала есейсе де, оны «мама» деп атайтын көрінеді.
Жігіттің ата-анасы басқа қалаға көшіп кетсе де, олар жол түссе, бұл үйге соқпай кетпейді екен. Біз де барып, амандастық. Құшақ жайып қарсылады. Дастарқаннан дәм ауыз тидік. Дастарқан басында отырғанда Сағадат аға Рахметжанов үй иелерін концертке шақырды. Бірақ олар бара алмайтындарын ескертіп, бір-екі ән шырқап беруімізді өтінді. Содан мен украин халық әнін орындап едім, үнсіз тыңдап, көздеріне жас алды.
«Елге бармағалы көп болып еді. Сен ән шырқағанда туған жерімізге барып қайтқандай әсер алдық» деп риза болды. Жерқоймадан (погреб) саңырауқұлақтан жасалған салаттар мен компот әкеліп, қонақ етті. Байқағанымыз, қай елге барсақ та, халықтың өнерге құрметі ерекше. Жалпы, өз басым, тойға барып, ән айтқанға қарсымын. Ет жақын ағайындарым немесе жора-жолдастарым қоймастан өтініш айтқанда болмаса, тойға мүлдем шықпаймын. Тойда, адамдар тамақ ішіп отырған жерде ән салу өнерді өсірмейді, өшіреді. Өнерге деген құрмет кемиді, – дейді ол.
Кейіпкеріміздің Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда еңбек етіп жүргеніне 10 жылдан астам уақыт өткен. Өңіріміздегі кәсіби өнер ордасында ұрпақтар сабақтастығы жүйелі жолға қойылған. Мұндағы жас және орта буын өкілдері академиялық ән салудан Қанатқали Қожақов, Мұрат Омарханов, Жұмағаным Рахимова секілді аға буын өкілдерінің кеңестеріне жиі құлақ асатын көрінеді. Айбар Асқарұлы да аға буынның ақыл-кеңестерінің арқасында бірқатар жетістікке қол жеткізіп үлгерген. Байқауларда топ жарып, облыс әкімінің бірнеше мәрте алғысхатына ие болған. Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медальмен де марапатталған.
Айбар – қазақы ырымдарға сенетін жан. Әсіресе көпшіліктің алдына шыққанда тіл-көзден сақтану үшін костюмінің не смокингінің ішкі қабатына түйреуіш тағуды әдетке айналдырған. Үйден шыққанда оң аяқпен аттауды да жөн санайды. Ал сахналық киімдерін Меңдібек Нұрғалиев есімді оралдық ісмер азаматқа тіктіртеді екен.
Айбар замандасымыз 2011 жылы Әсем есімді арумен шаңырақ көтерген. Бүгінде Айсұлтан, Айберген есімді ұлдары бар. Жұбайы Әсем Сапуанқызы да өнерден құралақан емес. Ол М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін мәдени-тынығу жұмыстарын ұйымдастыру мамандығы бойынша тәмамдаған. Отанасы бүгінде бала тәрбиесімен айналысып, жұбайының шығармашылыққа алаңсыз ден қоюына жағдай жасап отыр.
Опера, романс, дәстүрлі әндерді орындағанда ерекше рухтанып, әсер алатын кейіпкеріміз – отбасында бақытты жар, қос ұлдың асқар таудай әкесі. Бақытты отбасының сыры махаббатта, сыйластық пен түсіністікте деп білетін отағасы бос уақытын отбасына арнап, перзенттерін таза ауада серуендеткенді жөн көреді.
Кейіпкеріміздің естелігінен
...Бірде облыстық филармония ұжымы гастрольдік сапармен Татарстан Республикасының Қазан қаласына барды. Мен Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз» деген операсының Фигара каватинасын орындауым керек болды. Аталмыш операның тарихына тоқталсақ, Севиль қаласында жалғыз шаштараз болған.
Ол барлық тұрғындардың шашын қиып, әрлеп үлгереді екен. Бұл каватина шаштараздың атынан айтылатын әзіл өлең түрінде болатын. Дирижер Еркін Шаяхметұлына операның әуені басталып кеткен соң өз тактамда ғана сахнаға шығатынымды айтып, бұрынғы сценарийге өзгеріс енгізгелі тұрғанымды ескерттім. Менің ойым, операның әуені басталған соң есіктің ар жағынан ла-ла-ла-лай-ла деп басталатын жаңғырық дауысыммен сахнаға шығу болатын. Мұны Еркін аға екеуіміз ғана білеміз, ал оркестр хабарсыз. Содан оркестр әуенін бастап кетті. Бір кезде жанымда тұрған ҚР Еңбек сіңірген әртісі Қанатқали аға (Қожақов) «Сенің айтатын операң басталды, шық-шық!» деп есікке қарай итерді. Ал мен есікті ар жағынан біреу ашып қалмасын деп аяғыммен итеріп, қолыммен жауып тұрмын. Қарасам, оркестрдегі қыз-жігіттер де жан-жағына қарап жанарларымен мені іздеуде. Жаңғырық дауыспен сахнаға жүгіріп шыққанда, көрермендер ду етіп қол шапалақтады. Мен үшін бұл қошемет ерекше әсер қалдырды. Негізі операны орындап болған соң залда екі-үш минут тыныштық орнап, содан соң көрермендер ықылас танытатын. Сол жағдай өнер адамы үшін залдағы көрермендердің қошеметі қымбат екенін түсіндірді.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz