7.04.2022, 11:00
Оқылды: 56

Қала тазалығы – басты назарда

Облыс әкімі Ғ.Есқалиев Орал қаласының су тасқынына қарсы дайындық барысы, қала аумағын тазалау, абаттандыру жұмыстарымен танысты.

277988281_3271025209840475_6257182335969129942_n

Ең алдымен, көктемде су басу қаупі басым Зашаған кенті мен Құс фабрикасы ауданына барып, су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарын пысықтады. Сапар барысында облыс басшысына көктемде су тасқынын болдырмау және арық жүйелерін тазалау жұмыстары, тасқын суларды қабылдау мен өткізуге қатысты мәселелер баяндалды.

Жәңгір хан көшесі мен Н.Назарбаев даңғылының бойындағы кәсіпкерлік нысандарды аралаған өңір басшысы ғимараттардың санитарлық тазалығы мен қасбеттерін тексерді.

Орал қаласында 1 сәуір мен 1 маусым аралығында көктемгі санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру мақсатында екі айлық сенбілік жарияланды. Көктемгі сенбіліктерді өткізу қаланың барлық инфрақұрылымын жазғы кезеңге кешенді дайындауға бағытталған. Осы орайда облыс басшысы меншік иесіне қарамастан, әр нысанның аумағын жинау, көгалдандыру, ғимараттардың қасбеттерін сырлау жұмыстары жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

- Батыс Еуропаның қақпасы саналатын Орал қаласы үшін ғимараттардың тарихи келбетін сақтаудың маңызы зор. Басты мақсат - тек нысан келбетін сақтау ғана емес, тұрғындарға ыңғайлы қызмет көрсету. Яғни мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустардың болуы, реңі кеткен аумақты сырлау, бояу, жарықшам орнату және ағаштар егіп, қоқыстан тазарту, - деген өңір басшысы кәсіпкерлерді жұдырықтай жұмылып, қаланы бірге көркейтуге шақырды. Сондай-ақ қала әкімі А.Шыныбеков сенбілік барысында қала тазалығына салғырт қараған мекемелерге штаб отырысының шешіміне сай абаттандыру ережесінің сақталуына қатысты ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 505-бабына сәйкес шара қолданылатынын ескертті.

Облыс әкімдігінің

жұртшылықпен байланыс қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале