7.04.2022, 12:30
Оқылды: 37

Өткен жылы алты, биылғы тоқсанда бес суицид 

Сырым аудандық ауруханасының психологі Әлия Құйырованың айтуынша, 2021 жылы 6 суицид орын алса, биылғы 2022 жылдың 1 тоқсанында ғана 5 адам өзіне-өзі қол жұмсап, өмірімен қош айтысты. Бұл – жай сандар ғана емес, адам өмірі үшін алаңдап, дабыл қағатын жағдай.

admin_2020_03_23_su

Фото дереккөзі: bugin.kz

Дүниедегі әрбір жан өмірінде кем дегенде бір рет өзіне-өзі қол жұмсауға азғырылады екен. Азғыруға көніп, азғындық жолға түскен адам  өз өміріне өзі балта шауып, суицид жасайды.

Тарихымызға көз жүгіртсек, өзіне-өзі қол жұмсау жайттары орын алмаған. Ал бүгінде Қазақстан суицид бойынша алғашқы жиырма елдің қатарында. Расында, бүгінде кісі өлтіруден гөрі өзін өлтірушілер көбейіп барады. Әлем бойынша әрбір 20 секунд сайын  бір адам өзіне қол жұмсайды екен. Ал, біздің елімізде әр сағат сайын бір адам өз өмірін қияды екен. жасөспірімдердің әрбір үшіншісі өзіне назар аударту үшін өзіне қол жұмсау әрекеттерін жасайды екен. Бұл жерде бүгінгі жастардың әлсіздігі, әлжуаздығы мен психологиялық тұрғыда тым ерке, еркін өскендігі кінәлі.  Ғалымдардың пікірінше, әлеуметтік-психологиялық мінездеме адамның тұлғалық компоненттері – сана, мінез, қабілет, интеллект, темперамент, тәжірибе, өзін-өзі бақылай алуына тікелей байланысты. Әлемдік ғылым өз-өзіне қол жұмсаудың әлеуметтік, экономикалық, саяси, философиялық, психологиялық, діни факторларын анықтаған.

Сырым аудандық ауруханасының психологі Әлия Құйырова өз-өзіне қол жұмсау туралы:

– Тығырықтан шығар жол іздеп, өмірдің қадірін түсіну – парыз. Суицид  - адамзат басына төнген ортақ қауіп. Қазіргі таңда адамзаттың өз өміріне балта шабуы қоғам дертіне айналып барады. Адамзаттың өз-өзіне қолданылатын аяусыз жаза, өз меніне ашылған «соғыс». Бірақ бұл «соғыс» тек өзіне, өзінің жақындарына қиындық алып келуге бейім. Адамның өмірі әр қилы, өзіндік қиындықтарымен, жақсылықтарымен келеді. Алайда өмір жолында кездескен кейбір тосқауылдарға қарсы тұра алмаған жағдайда өмірмен қош айтысуды жөн көреді. Жалпы ондай адам – айнала жақындарынан қолдау таппай, күллі дүниеден жалғыздық сезінген жан. Басына түскен ауыртпалықтан арыла алмайтын күй кешеді. Олардың көңіл күйі нілдей бұзылады және болашаққа үміті үзіледі. Кейбір адамдардың өзін-өзі өлімге қиюға бейім екендігін сөзінен,қылығынан, ситуациялық белгілерінен білуге болады. Тікелей сөздер: «Осы өмірден шаршадым», «Мен өлгенде, олар өкінетін болады», «Өмір сүргім келмейді» секілді сөздерді көп қолдануы арқылы адамның өзін-өзі өлімге іштей дайындап жүргенін аңғаруға болады. Ең алдымен, жаныңыздағы адамға моральдық көмек көрсетіп, жарық күнге деген құлшынысын арттыруға тырысыңыз. Артынан жоқтап қалғанша, барында қадірін біліп, демеу болыңыз,– деді.

Әлия Құзайырова

Аудандық аурухананың тағы бір психологі Айнагүл Бекешова да осы орайдағы пікірін сабақтады:

–  Ішімдікті, есірткіні қолдану мөлшерінің өсуі, өзін өзгелерден кем көру, жақын адамдарынан өзін оқшаулау, жауапсыз махаббат, психикалық ауруының болуы, жақын және сүйікті адамының өлімі және тағы сол сияқты жайттардың салдарынан адамда өзін-өзі өлімге қию туралы ой туады. Яғни жоғарыда айтылған белгілерді аңғарған бойда, дереу көмек қолын созса, қоғамдық дертке айналған бұл мәселенің де алдын алуға болады. Осындай кезде кімнен, қайдан қолдау іздеп, кеңес аларыңызды білмей, ойыңыз сан-саққа жүгіргенде, «Сенім телефонына» анонимді түрде мына нөмірдеріне жүгіне аласыз. Сырым аудандық ауруханасы бойынша 22-0-81, республикалық (тегін желі): 150, қалалық (тегін желі): 53-74-74, ұялы байланыс: 87789079981.

Кез келген пенде ерте ме, кеш пе, өлімнің дәмін тататыны Құрани Кәрімде айтылған. Ал, өзін-өлі өлтірген адамды шариғатымыз құптамайды. «...Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал, кім осы айтылған дұшпандық, зұлымдықты істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Алла үшін оңай», – делінген.  Әлсіздік танытып, өзіне қол жұмсаған адам өлімге асыққанымен, ол жақта жақсылық күтіп тұрған жоқ. Керісінше, нағыз азап – өзін өлтіргендер үшін. Мұхаммед (с.а.с.) Пайғамбарымыз: «Кімде-кім таудан құлап, өз-өзін өлтірсе, жәһаннам отына мәңгіге құлайды. Кімде-кім у ішіп, өз-өзін өлтірсе, жәһаннам отында мәңгі сол уын қолына ұстап ішіп тұрады. Кімде-кім  өз-өзін темірмен өлтірсе, жәһаннам отында сол темірмен мәңгі өзін ұрғыштап тұрады», –  деген екен.

Адам бұл өмірге келген соң, қандай қиындық болса да, төзуі керек. Біздің – өміріміз тек сынақ. Өмірдің үнемі қара жолағы кездесе бермейді, ақ жолағы да адамды асыға күтіп тұрады. Осы орайда мектеп кезінде мұғалімдеріміздің «Кез келген қиындықтан шығудың жолы бар» деп құлағымызға құйғаны еске түседі. Өз-өзіне қол жұмсау – тығырықтан шығудың жолы емес. Қазіргі кезде адамдардың бәрі стреске, депрессияға өте бейім. Өмірлері шиеленісте. Алайда жақсылықтан, бақыттан күдер үзбей, үміттің отын өшірмеуі керек. Негативті ойлардан арылып, барынша позитивті пікірде болған жөн. Адамның ойы – оның өмірі. Қалай ойласа, солай болады. Сондықтан, санамызға тек жақсылықты сіңірейік!

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале