11.04.2022, 12:53
Оқылды: 53

Қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы Президенттің жұмысына оң баға берді

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі наурыз айында қазақстандықтардың қоғамдық көңіл-күйін талдау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

22

Сауалнама нәтижесі бойынша сұралғандардың 70 пайыздан астамы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне оң қарайтынын айтқан. Бұл ретте респонденттердің 67,4 пайызының Тоқаевқа қарым-қатынасы соңғы сайланғаннан кейін жақсарған.

Респонденттердің көпшілігінің (42,1%) пікірінше, Президент, ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге назар аударуы керек, бұл елдегі соңғы қаңтар оқиғаларына байланысты болуы мүмкін.

Бұл ретте отандастарымыздың 41,4%-ын жалақы, зейнетақы және жәрдемақы деңгейін көтеру мәселесі толғандырады.

Респонденттердің 35,3% азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолдап отыр.

Сұралғандардың 35,5 пайызын халықаралық байланыстарды нығайту алаңдатады.

Сауалнамаға қатысқандардың төрттен бір бөлігі (26,3%) Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске көбірек көңіл бөлгенін қалайды.

Сауалнамаға қатысушылардың жартысынан астамы (56,7%) Президент қызметінің негізінде қауіпсіздік, әлеуметтік әділеттілік (35,9%), тұрақты экономикалық даму, әрбір отбасының амандығы, қоғамдағы достық пен келісім (26-28%) мәселелері болуы тиіс деп есептейді.

Респонденттердің көпшілігі (71,3%) оптимистік көңіл-күйде және алдағы екі жылда өзгерістер болатынына сеніммен қарайды.

Бұл ретте респонденттердің жартысынан көбі (51%) Қазақстандағы өмірді жақсартуға деген үмітін тікелей Президентпен байланыстырады. Сауалнамаға қатысқандардың 20,5%-ы Үкіметке, ал 15%-ы жергілікті атқарушы органдарға үміт артады. Парламентке (Сенат, Мәжіліс) деген сенімі – 14,1%.

Ең маңызды құндылықты таңдағанда респонденттердің көпшілігі бірінші орынға қауіпсіздікті қойды (60,2%). Сауалнамаға қатысушылардың 34,3%-ы үшін ең маңызды құндылық - тәуелсіздік.

Әлеуметтік зерттеу 15-24 наурызы аралығында жүргізілді. Қатысқан 1863 респондент - 18-50 жас аралығындағы ҚР тұрғындары, интернет пайдаланушылары.

Сауалнама жүргізілген жерлер: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, елдің 14 облысы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале