11.04.2022, 15:00
Оқылды: 409

Оралдағы сән көрсетілімінен үзік сыр

Өткен сенбіде Орал қаласындағы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрда «Kazakhstan fashion week» атауымен сән көрсетілімі өтті. Онда Ақ Жайық өңірінен ғана емес, еліміздің өзге қалалары мен Өзбекстаннан арнайы келген дизайнерлер авторлық топтамаларын көпшілік назарына ұсынды.

37

 

Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «GS Production» сән мектебі ұйымдастырған іс-шарада ұлттық киімдерден бастап қыз-келіншектердің кешкі көйлектері, той көйлектері, ересектер мен балаларға арналған күнделікті киімдер көрсетілді.

5Q5A4056

Нақтырақ айтсақ, сән көрсетілімінің бірінші бөлімінде «Art by Sofia» брендінің негізін қалаушы, Өзбекстанның әйгілі дизайнері София Ашурдың, Алматы қаласындағы «Аруназ» сән үйінің негізін қалаушы Назым Қарпықованың,  Ақтау қаласынан келген дизайнер Асел Сағидың, атыраулық дизайнер Ирина Нейбарттың жетекшілігімен тігілген киімдер ұсынылды. Ал екінші бөлімде оралдық дизайнерлер Жамила Өтепқалиеваның, Азиза Бисанның, Гүлім Жалауқызының, Сәуле Сарманбекованың топтамалары ұсынылды.

35

– «Kazakhstan Fashion Week» ұлттық жобасы Орал қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Былтыр қалалық деңгейде «Uralsk fashion week» апталығы өтті. Халықаралық сән апталығы бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында болды.  Моделдер Алматы мен Орал қаласынан. «GS Production» сән мектебі осыдан бес жыл бұрын құрылды. Бүгінде 4-22 жас аралығындағы 100 модель дәріс алуда. Олардың кейбірі шетелдік сән көрсетіліміне қатысып, жарнама мен көркем фильмдерге түсті.  «GS Production» мектебіне кастинг арқылы қабылданады. Басты талап қыздар мен жігіттердің бойы 173-175 сантиметрден кем болмауы тиіс және мүсіні мен бет-әлпетіне де назар аударамыз. Модельдерге подиумда қалай жүру керектігінен бастап, боянуды, киінуді үйретеміз. Содан соң Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Өзбекстанның астанасыТашкент қаласында ұйымдастырылатын сән апталығына қатысып, тәжірибе жинайды. Бүгінгі сән көрсетіліміне 150-ге жуық модель шықты. Осындай сән апталықтары отандық сән индус­триясын дамытып, отандық өнімге деген сұранысты арттырады деп ойлаймын, - деді «GS Production» сән мектебінің негізін қалаушы, іс-шара ұйымдастырушысы Гүлнәз Смаилова.

5Q5A4211

Сән көрсетілімінде алғаш болып сән топтамасын ұсыну Назым Қарпықоваға бұйырды. «Аруназ» сән үйінің киімдері ақ, қара, сұр, көк түстерден құралған ассиметриялы көйлектермен, жұқа жібектен тігілген жамылғылармен (накидка), кешкі жиындарға арналған костюм-шалбарлармен ерекшеленді.  «Art by Sofia» брендінің негізін қалаушы София Ашурдың топтамасы жиналған жұртшылыққа тура бір Шығыс әлеміне саяхат жасатқандай әсер қалдырды. Барқыттан, жібектен, атластан тігілген кең етек көйлектер және ханшайымның тәжіндей әсер қалдыратын шілтерден тігіліп, тастардан жасалған бас киімдер көздің жауын алды. Атыраулық дизайнер Ирина Нейбарттың дизайнерлігімен тігілген киімдер  тек арнайы бір салтанатқа қана емес, күнделікті өмірдің кез келген сәтінде киюге арналған. Әсіресе бүлдіршіндер көрсеткен топтама көктем-жаз айларында сәнге айналатындай әсер қалдырды. Сондай-ақ «Brand by Zhamilya»  брендін қалыптастырып жүрген жерлесіміз Жамила Өтепқалиеваның көйлектері ұлттық нақышта ою-өрнекпен көмкерілгендігімен  көрермен көзайымына айналды.

36

Түйіндеп айтсақ, бұл сән топтамасы арқылы көктем-жаз маусымында ақ, қара, сары, қызыл, көк  түсті көйлектер мен барқыттан тігілген кең етектер, әсіресе шілтерлі бедерлер сәнге айналатынын түсіндік.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале