Өңірімізде жылу беру маусымы аяқталды. Соған орай облыс әкімі Ғали Есқалиев қысқы жылыту маусымында уақытпен санаспай еңбек еткен «Жайықжылуқуат» АҚ-ның ұжымымен кездесіп, алғысын айтты. Сондай-ақ ол Орал қалалық жылу электр орталығындағы (ТЭЦ) сумен қамтудың айналмалы жабдықтау жүйесін қайта құруға арналған жобаның жүзеге асу барысын да тексерді.
«Жайықжылуқуат» АҚ Орал қаласындағы көпқабатты 1206 тұрғын үй мен 185 әлеуметтік нысанға жылу жібереді. 23 жылу қазандығы қыс бойы үздіксіз жұмыс істеді. Кәсіпорында 986 жұмысшы болса, оның 350-і төрт ауысым бойынша еңбек еткен ЖЭО-ның (ТЭЦ) қызметкері.
– Қыс мезгілінде үйдің жылы болуы тұрғындар үшін үйреншікті жағдай. Алайда сіздердің, «Жайықжылуқуат» АҚ қызметкерлерінің қақаған қыста, сарышұнақ аязда атқарған жұмысы аз болмады. Соның нәтижесінде биыл жылыту маусымы апатсыз өтті. «Жайықжылуқуат» АҚ облыстағы энергияның 25 пайызын өндіріп, 200 шақырымнан астам жылыту жүйесі мен 23 қазандықты күтіп-ұстайды. Бұрын кәсіпорынға облыс қазынасынан жылына 1 млрд теңгеге жуық субсидия бөлінетін. Соңғы екі жылда кәсіпорын бюджеттен қаржы алмай, өз шығынын өзі өтеуде. Қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамыз,- деді өңір басшысы ұжыммен кездескенде.
"Жайықжылуқуат» АҚ директоры Қуат Мусиннің айтуынша, сумен қамтудың айналмалы жабдықтау жүйесінің құрылысы биыл жыл аяғына дейін аяқталмақ. Нысан іске қосылғанда 4 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік болады.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz