Жаңақала ауданындағы Рухани орталықтың мәжіліс залында 8-10 сынып оқушылары арасында «Сауатты ұлт» салауатты болашақ» атты пікірсайыс турнирі өтті.
Байқаудың мақсаты – өскелең ұпақтың қазақстандық патриотизмі мен азаматтылығын қалыптастыру, оқушылардың бойында жауапкершілік, туған өлке мен елдің мәселелерін талқылауға және шешуге қатыстылық сезімін тәрбиелеу. Республикадағы пікірсайыс қозғалысын аудан көлемінде дамыту, насихаттау және қолдау.
Сайыстың алдында арнайы шақыртумен Орал қаласынан келген Дарын қосымша білім беру орталығының қызметкері Ақерке Әміржанқызы жетекшілер мен қатысушыларға семинар-тренинг өткізді. Пікірсайыстың маңыздылығына тоқталып, оған қалай дайындалу керектігін айтып, қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берді.
Пікірсайыс турнирінің қорытындысы бойынша С.Меңдешев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінен келген «Парасат» (жетекшісі А.Хайруллин) фракциясы жеңімпаз атанды. Жүлделі ІІ орынға Айдархан жалпы орта білім беретін мектебінің намысын қорғаған «Ұшқыр ой» (жетекшісі А.Ғұбайдуллина) фракциясы ие болды. ІІІ орын №3 жалпы орта білім беретін мектебінің «Зияткер» (жетекшісі А.Асхатқызы) фракциясына бұйырды. «Үздік спикер» аталымына Ақбота Мұханбетова лайық деп танылды. «Үздік талпыныс» бағамы Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінен келген «Алар» фракциясына (жетекшісі Ж.Шуйкина) берілді.
Жарас Садық,
Жаңақала ауданы