15.04.2022, 14:58
Оқылды: 42

Тұрғындардың өтініші жерде қалмайды

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев азаматтарды қабылдады.

WhatsApp Image 2022-04-15 at 14.52.43

Қабылдау барысында азаматтардан бірнеше өтініштермен қатар, ұсыныс-пікірлер де айтылды.

Бірінші болып 93 жастағы қария, еңбек ардагері тұрғын үй мәселесімен келді. Қарияның айтуынша, ауылда үйі болғандықтан қаладан үй берілмейді-мыс. Ардагерге тұрғын үй бойынша сұрақтарға заңнамалық тұрғыдан кеңестер берілді. Бірақ алдағы уақытта жауапты мекеме өкілдерімен кездесуге жазылу ұсынылды.

Содан кейін 12 жыл бұрын инсульт соққан ІІ топ мүгедегі келді. Азаматшаның айтуынша, 2 жыл бұрын зейнетке шыққан екен, бірақ зейнетке шыққандықтан мүгедектігіне байланысты алатын төлемді алып тастапты. Инсульт соққаннан кейін обыр ауруына шалдыққан. Қазіргі кезде бағалардың өсуіне байланысты және пәтер жалдап тұрғандықтан бір зейнетақы жетпейді. Мүгедектікке байланысты төленетін жәрдемақыны зейнетақыға қосу мүмкіндігі болса, бұл мәселені ыңғайластырып беруді сұрады. Барлық мән-жайды біліп, азаматшаны облыстық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Мұқанова Ардақ Ізімқызының қабылдауына жаздырды және барлық сұрақтарды осы жауапты мекемемен бірлесіп атқаруға шақырды.

Қабылдауға жеке сот орындаушылардан зардап шеккен тұрғын келді. Тұрғынның мәлімдеуінше, үйді сату барысында сот орындаушы тұрғынға ешбір жасалып жатқан шараларға қатысты хабарландыруларды айтпай, сыртынан барлық құжаттарды рәсімдеумен айналысқан. Алаяқтың кесірінен зардап шеккен тұрғын енді 10 жылдай жалдамалы пәтерде жүр. Тұрғын үй мәселесін жауапты органдармен бірлесіп, мүмкіндігі болса бір шешімін тауып беруді сұрап отыр.

Заңсыз жұмыстан қысқартылуға ұшыраған қызметкерлер де келді. Заңнамалық тұрғыдан түсініктемелер беріліп, 15 сәуірде өтетін бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне шақырылды.

Сонымен бірге балалары мен жолдастарының өміріне уайымдаған әйелдер қауымы келді. Азаматшалардың айтуынша, Қылмыстық Кодекстің дұрыс әрі нақты белгіленбеген баптарының салдарынан көптеген азаматтар жасамаған қылмыстары үшін бас бостандығынан айырылып отыр. Нақты айтатын болсақ, ҚР Қылмыстық Кодексiнің сәйкес, Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу бойынша 339-бабына өзгерістер енгізілуі керек. Себебі аталған бап бойынша барлық сотталушының барлығы дерлік «киікті заңсыз аулады» деген айыппен бас бостандығынан айырылуда, бірақ кейде нағыз киікті атқан адам басқа адам да болуы мүмкін. Мұрат Рахметұлы осы бапқа өзгеріс енгізу бойынша облыстық филиалдың заңгерімен бірлесіп, ҚР Парламенті Мәжіліс депутаттарына ұсыныс жіберілетінін хабарлады. Аталған ұсыныс ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Снежанна Имашеваға да жолданатын болады.

Атап өту керек, қабылдау барысында осы сауал тікелей телефон арқылы Снежанна Имашеваға ескертіліп, айтылды. Ұсыныс келген тұрғындармен бірлесе дайындалатын болады.

Қабылдауға келген әрбір тұрғынға Мұрат Рахметұлының тарапынан барлық консультативтік және заңнамалық тұрғыдан түсініктемелер берілді.

«AMANAT» партиясы БҚО филиалының баспасөз қызметі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале