18.04.2022, 9:00
Оқылды: 270

«Ұраннан» басталған ұлы жол: «Орал өңіріне» – 105 жыл!

Биыл облыс өмірінің айнасы – «Орал өңірі» газетінің шыға бастағанына – 105 жыл.

IMG-20220418-WA0000

Аз уақыт емес, әрине. Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Шәңгерей Бөкеев, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев сынды озық ойлы тұлғалар 1911-1913 жылдары әуелі Ордада, сосын Оралда «Қазақстан» деген атаумен газет шығарып тұрған. Өңір баспасөзінің тарихын зерттеушілер үшбу басылымды облыс журналистикасының ізашары санайды. Ал 1917-1918 жылдары қазіргі Бөкей ордасы ауданының аумағындағы баспаханадан «Ұран» атты газеттің бірнеше нөмірі шыққан. Бұл басылымның да басы-қасында жоғарыда аты-жөндері аталған Алаштың қайраткерлері жүрген. Бүгіндері бір ғасырдан астам шерменді шежіресі, қастерлі тарихы бар «Орал өңірі» өзінің жылнамасын тура сол «Ұраннан» тартып, тарқатады. Әрине, арада өткен жылдар бедерінде қоғамдық-саяси көзқарасқа байланысты газет атауы бірнеше рет өзгерді. Бірақ «Орал өңірі» өзінің халықшыл бағыт-бағдарынан айныған емес һәм болашақта да осы жолдан жаңылмасы кәміл.

Осыдан бірер күн бұрын зерде бұзылыстары бар балаларға арналған Батыс Қазақстан облыстық арнайы мектеп-интернат-колледж кешеніне қарасты еңбекке баулу пәнінің мұғалімі Самал Қазиев өзінің төрт-бес шәкіртімен қараторғайларға арналған бірнеше ұя жасап, сол ұялардың қасбетіне «Орал өңірі» – 105 жыл» деп өрнектеп жазған екен. Біз мұны ана тілімізде шығатын облыстық басылымға мың-сан оқырман қауымның бір құрметі ретінде қабылдадық. Сол себепті ұстаз Қазиев Самал Орынбайұлы мен оның Нұрсұлтан Ғалымов, Жандәулет Ерсайын, Радик Полубабкин, Сұлтанбек Ахметов және Мадияр Меңдештей шәкірттеріне журналистика ардагерлері мен редакция ұжымының атынан дән ризашығымызды білдіріп, алғыс айтамыз!

Биылғы жылдың екінші жартысына «Орал өңірі» газетіне жазылу жүріп жатыр, қапы қалмаңыз, әлеумет!

Редакция алқасы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале