Бүгін Сырым ауданында Балалар жылына орай бәйгеден ауданның ашық біріншілігі өтті. «Қайсар» спорт клубы ұйымдастырған жарыстың салтанатты ашылуында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асыланбек Сарқұлов сөз сөйледі.
Дала думанының дүбірін тайлар бастады. Әрісі Ақтөбенің Қобдасынан, берісі Бөрлі, Теректі, Тасқаладан келген балаң жүйріктердің жарысында Талпынның тортөбел тайы бірінші келді.
Кілең ауыздығымен алысқан арғымақтарды, текті тұлпарларды көріп топ бәйгенің де тартысты болатынын болжадық. Солай болды. Қыр самалын төске алған жүйріктер жұлдыздай ақты. Халықтың бата-тілегі, қиқу-айқайы Көздіғарадан шыққан Шұғыла мен Жымпитының Ардакөгінің жолында. Себебі Сырым елінің намысы екеуінің мойынында еді.
Ардакөк алғашқы айналымдарда көзге ілігердей көрікті шабыс көрсете қойған жоқ. Көпке ілесіп қана жүрді. Есесіне, Шыңғырлаудан келген Алшынторы қара үзіп шығып, алға шықты. Дегенмен алда әлі екі айналым бар. Ардакөктің арқырап, жарқырауына сол жетіп жатыр. Айтқандай төртінші айналымда Жымпиының көк күлігі құздан құлаған қырандай қалқыды. Бірінен соң бірін озып, ақыры мәреге бірінші келді. Міне, мінез! Тек ат иесі Мералы Азамат емес, түгел ел қуанды. Арындай бер, Ардакөк!
Барлық жүлдегерлерге қаржылай сый-сияпат табыс етілді. Марапаттау рәсіміне «Бәйге» федерациясы Сырым аудандық филиалының жетекшісі Төлеби Қайыржанов қатысты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz