Жәнібек ауданының 100 жылдық мерейтойына орай аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен дала қызықтары өтті. Спортшылар жамбы ату, теңге ілу, тазы жарысы, тай жарысы сияқты ұлттық ойындардан сынға түсті.
Бәйге десе делебесі қозатын қазақ баласы бұл жарыстан шет қалған жоқ. Тартысқа толы сайыстарға Бөкей ордасы ауданының Тайғара ауылынан, Қамысты, Тау, Күйгенкөл ауылдық округтерінен шабандоздар қатысты.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев жиналған жұртшылықты ауданның мерейтойымен құттықтап, ойыншыларға сәттілік тіледі.
Дода қорытындысында жамбы атуда жасөспірімдер арасында І, ІІ, ІІІ орындарды тиісінше Нұрболсын Мақашев (Жәнібек), Аманжан Айтқалиев (Қамысты), Рамазан Бақтығали (Жәнібек) алды. Жастар арасында бірінші, екінші, үшінші орындарды сәйкесінше Мирас Берікбаев (Жәнібек), Бекзат Мұсаев (Жәнібек), Әли Мәлік (Жәнібек) иеленді.
Теңге ілу сайысында жасөспірімдер арасында 1-орын Нұрболсын Мақашевке, 2-орын Айбын Абдуллаға, 3-орын Ерсұлтан Шавхатовқа (үшеуі де Жәнібектен) бұйырды. Жастар арасында І орынды Оралхан Ғаббасов (Күйгенкөл), ІІ орынды Жалын Бисенбаев (Жәнібек), ІІІ орынды Ерболсын Мақашев (Жәнібек) қанжығасына байлады.
Тазы жарысында тайғаралық Дарын Мұсаевтың «Қарахан» атты тазысы мәре сызығына ең алғаш болып жетіп, жеңімпаз атанды. Екінші орынға Әділет Қайратовтың (Тайғара) «Аққұс» атты тазысы табан тіресе, үшінші орынды жәнібектік Бекзат Мұсаевтың «Айқас» атты тазысы иеленді.
Тай жарысында бірінші болып мәреге жеткен жәнібектік шабандоз Талғат Есім жеңімпаз атанды. Екінші орынды Арман Малаев (Тау) алса, үшінші орынды Бекежан Әбекенов (Тау) иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Мәдина Орынбасар,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz