Бет терісі ерекше күтімді қажет етеді. Себебі қыс айларынан кейін тері құрғайды, жарылады. Асқазанға ауыр тиетін ет тағамдарынан жиналған қалдық (шлак) тері өңіне кері әсер етпей қоймайды. Сондықтан теріні, әсіресе, бет терісін тазалап, нәрлендіру қажет. Осы орайда тері күтіміне қажетті табиғи косметикаларды ұсынамыз.
Фотосурет: ernur.kz
Көк шөптердің кереметі
Аскөк, ақжелкен, салат жапырағы мен райханда теріге қажетті дәрумендер бар. Көк шөптердің құрамындағы қышқылдар бет терісін ағартады және балғындық береді. Ал жасұнық – теріні тереңнен ылғалдандырса, эфир майлары – безеу мен қызарудан құтқарады.
Ақжелкен
Бір литр қайнаған суға 400 г ақжелкенді салып, бірнеше минут қайнатады. Қайнатпадағы шөпті дәкеге орап, бет терісіне жарты сағат басады. Ал қайнатпаны тоңазытқышта сақтап, онымен бет терісін мата тампонмен таңертең және кешке сүрту қажет.
Аскөк
Аскөкті блендрден өткізіп, ботқасын терідегі безеу мен бөртпе аймағына жағады. Масканы бірнеше рет пайдаланған соң безеуден құтыласыз.
Қымыздық
Тері түлеп, құрғағанда қымыздықтан таптырмайтын крем жасауға мүмкіндік бар. Ол үшін жапырақты ұсақтап турап, қаймақпен араластырады. Оны бет терісіне жағып, 10-15 минут ұстайды. Соңынан бетті жылы сумен шаяды.
Пигментті дақтардан арылғыңыз келсе...
Бет күтімі нәзік жандарды жиі толғандыратыны рас. Қара нүктелер, пигментті дақтарды кетіріп, бетіңіз сәбидің терісіндей жұмсақ болуы үшін сіздерге мынадай кеңестер ұсынамыз.
Ірімшіктен дайындалған маска
Екі ас қасық ірімшікке, 2 ас қасық сәбіз шырынын, 2 ас қасық зәйтүн майын және 2 ас қасық сүтті (маска құрамындағы заттардың мөлшері бірдей болғаны абзал. Керек жағдайда мөлшерін көбейтуге немесе азайтуға болады) қосып, жақсылап араластырыңыз. Бетке қалың қылып қабаттап жаққан дұрыс. 15 минуттан соң бетіңізді жылы сумен шайып тастаңыз.
Банан маскасы
Бір бананды алып, оны езіп, оған 1 шай қасық сәбилерге арналған кремді, 1 шай қасық зәйтүн майын және жарты қасық лимон шырынын қоса отырып, мұқият араластырыңыз. Қоспаны бет терісіне жағып, 15-20 минуттан соң жылы сумен шайыңыз.
Шаш күтімі
Көктемнің алғашқы күндерінде ауа райы тұрақсыз болады. Лезде ысып немесе күрт суытуынан, дәрумендер жетіспеуі мен дұрыс тамақтанбаудың салдарынан шаш жиі түсе бастайды. Осы орайда шашты қалпына келтіру үшін бірқатар кеңестер ұсынамыз.
Дұрыс күтім. Шашқа күнделікті күтім жасау тәртібі мерзімге және адамның географиялық орналасу орнына да тәуелді. Ауа райының ылғалдылық деңгейі де шашқа әсер етеді. Мекеннің ылғалдылығы қаншалықты төмен болса, шаш ішіндегі ылғал мөлшері соншалықты аз болады. Соның себебінен шаш құрғайды. Шаштағы ылғал мөлшерін ұстап тұруға табиғи майлары бар тағамдар көмектеседі. Олар шаш терісіне қорғаушы қабат түзіп, ылғалды шектен тыс жоғалтып алудан немесе ылғалдың бас терісіне артығымен өтіп кетуінен қорғайды.
Халық әдісі. Қыстың суығынан кейін шашыңыз әдемілігі мен жылтырағанын жоғалтып алса, уайымдамаңыз, халық әдісі бойынша маска дайындап көріңіз. Екі жұмыртқаның сарысын 1 шай қасық балмен араластырып, оған 5 мл өсімдік майын құйыңыз. Масканы құрғақ шашқа және бас терісіне массаждық қозғалыспен жағып, 15-20 минут уақытқа жылы орамалмен ораңыз. Содан соң жақсылап жуыңыз.
Тағамдық мәзіріңізде Омега-3 майлы қышқылы болмаса, шашыңыз құрғайды. Омега-3 дәрумені майлы балықтарда, яғни арқан балық, скумбрия және сардинада мол. Дұрыс тамақтанбау шаштың түсуіне, сынуына, жиі ұштануына әкеліп соғады. Қатаң диета ұстау да шаштың өсуін тоқтатады. Шашыңыз күніне 100-150 талдан түсетінін байқасаңыз, дәрігерге қаралыңыз.
Тырнақ күтіміне арналған маскалар
Бұл маскалардың барлығын үйде жасауға болады. Нәтижесі салонда жасалатын ем-шаралардан кем емес. Сенбесеңіз, жасап көріңіз.
Лимон
Тырнағыңыз сына берсе, осы масканы жасаңыз. Ол үшін лимонды екіге бөліп, саусағыңыздың ұшын арасына салыңыз немесе шырынын сығып, тырнағыңызды батырыңыз. 5 минут ұстау жеткілікті. Лимоннан соң, тырнағыңыздың айналасына қарақат, мүкжидек шырынын жағуға болады. Айтпақшы, лимонның қалған қалдығын тізеңізге, білектің қатты тұстарына жақсаңыз, қатып қалған тері жұмсарып, ағарып қалады.
Е дәрумені
Дәріханадан Е дәруменін сатып алыңыз. Әдетте ол капсулада сатылады. Күнделікті кешке тырнағыңызға жақсаңыз, тырнағыңыз қатайып, сынбайтын болады. Бұл әдісті бір ай бойы жасаған жөн.
Балауыз
Табиғи балауыз тырнағыңызға өте пайдалы. Маска түнде жатар алдында жасалады. Алдын ала бір ыдысқа суық су құйып, бір ыдысқа балауызды буға ерітіп дайындаңыз. Еріген балауызға саусақтарыңыздың ұшын мала қойыңыз. Содан дереу суық суға сала қойыңыз. Саусақтарыңыздың ұшындағы балауыз қатып қалады. 30 минуттан соң алып тастайсыз. Ем-шараны аптасына екі рет жасау жеткілікті. Үш апта бойы қайталаңыз.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz