21.04.2022, 14:30
Оқылды: 46

ЖЭО-ның тозуынан Орал тұрғындарының жартысы жарықсыз қалуы мүмкін

Сенатор Ләззат Рысбекова еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Батыс Қазақстан облысын жарықпен қамтудағы күрделі жағдай туралы мәлімдеді.

14

Оның айтуынша, қала тұрғындарының тең жартысы екі турбоагрегаттан тұратын Орал ЖЭО арқылы электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда екі турбоагрегаттың біреуі тозып, істен шыққан. Сондықтан екінші турбина өзіне сай стандартқа қарағанда екі есе белсенді жұмыс істейді. Мәселені шешу үшін 2020-2021 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 3 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп, олар облыста игеріліп үлгермегендіктен, бұл қаржының бір бөлігі бюджетке қайтарылды.

Ләззат Рысбекова жұмыстарды аяқтау үшін 1 млрд 738 миллион теңге қажет екенін айтып, бұл қаржыны жылу электр орталығының турбоагрегаттарын жөндеуге бөлуді сұрады. Әйтпесе, оралдықтар бірқатар қиындыққа тап болуы мүмкін.

«Біріншіден, тағы бір турбоагрегат істен шығатын болса, Оралдағы ЖЭО-ға қарағанда электр энергиясын бағасы 1 киловатт үшін жоғары болатын басқа энергия өндіруші станциядан сатып алу қажеттігі туындайды, бұл өз кезегінде өңірдегі электр энергиясы тарифінің өсуіне алып келеді. Екіншіден, 2020-2021 жылдарға мердігерге аванс төленді. Жобаны одан әрі қаржыландыру тоқтатылған жағдайда аванстық төлемнің қайтарылмау қаупі бар. Үшіншіден, осы жоба аясында өндіруші зауыт турбоагрегат дайындауды іс жүзінде аяқтады. Оны Оралдағы ЖЭО-ға орнату кешіктірілген жағдайда, өндіруші зауыт жабдықты басқа сатып алушыға сатуға құқылы. Турбоагрегатты қайта дайындау 12 айға созылады», - деді депутат.

Дереккөз: ҚазАқпарат 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале