Теректі аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен Подстепный ауылдық округінде жәрмеңке өтті.
«Менің аулам - менің бағым» жобасы аясында өткен жеміс-жидек ағаштарының жәрмеңкесінде алма, алмұрт, өрік, шие, жүзім, алхоры, және раушан гүлдері сатылды. Жалпы саны онға жуық жеке шаруашылық және жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілдері 1100 түп алма, 700 түп өрік, 330 алмұрт, 400 түп алхоры, 620 түп жүзім, 500 түпке тарта шие және роза гүлінің 100-ге жуық гүлін ұсынды.
Аудан әкімі Тілек Габдушев жәрмеңкеге қатысып, кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.
Жәрмеңке бағасы қолжетімді болғандықтан, сатып алушылар саны да жетерлік,- дейді кәсіпкерлер.
-«Жайна» ШҚ нарықта жүргеніне он жыл болды. Теректерді саяжай аумағында өсіріп, түрлі аудандарға жәрмеңкеге шығарамыз. Орта есеппен алма 1500 тг, өрік 1200 тг, шие 1800 тг, роза 500 теңге көлемінде, - дейді Бақтыгүл Мұратқызы.
Сондай-ақ «КАТ-2» ЖШС өкілі Нұрлан Сағынаев теректерін арзан бағада беріп және бес түп шие ағашын Покатилов а.о көпбалалы отбасыға сыйға тартты. Сонымен қатар барлық ауылдық округке 1000 түп алма ағашын егу тапсырылды. Сол мақсатта Богдановка - 51, Новопавловка - 22, Шағатай - 52, Долин - 70, Ақсуат - 37, Ұзынкөл - 12, Приречный - 25, Покатилов - 36, Шалқар - 40, Подстепный - 40, Ақжайық 63 т.б округтер алма теректерін алды.
Бау өсіретін кәсіпкерлер жәрмеңкенің жалғасуын сұрайды. Тұрғындар да «Менің аулам - менің бағым» жобасы аясында аулаларын жасыл желекке айналдырмақшы.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz