Сырым ауданының орталығында Астана күніне орайластырылған қазақ күресінен "Қазақстан Барысы" аудандық турнирі өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, "AMANAT" партиясы Сырым аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Дарғожиев палуандарға сәттілік тіледі.
Одан бөлек, қасиетті Рамазан айында өтіп отырған белдесуде Сырым ауданының бас имамы Қуанғали Қуанышұлы дұға-тілегін арнап, бата берді.
Мықтылардың белдесуінде 15 өгіз палуан, 6 түйе палуан бақ сынады. Нәтижесінде, өгіз палуандар арасында ІІІ орынды талдыбұлақтық Еркебұлан Айтжанов, ІІ орынды өлеңтілік Нұрсұлтан Мырзахметов, І орынды елтайлық Ислам Шулеуов қанжығалады.
Санаулы ғана түйе палуандар арасынан жауырыны жерге тимеген өлеңтілік Мерей Бердіғали Ақсай қаласында өтетін облыстық кезеңге жолдама алса, тағы бір өлеңтілік Темірлан Ғабдуллин ІІ орынды, жетікөлдік Шынтас Асқаров ІІІ орынды қанағат тұтты.
Жеңімпаздар диплом, медаль, ақшалай сыйлықтарға ие болса, қарсылас шақ келтірмеген Мерей Бердіғалиға "Сырым барысы" белдігі табыс етілді.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz