Бүгін облыстық көпбейінді аурухананың базасында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің филиалы ашылды. Интернатура (7 жыл) бітірген түлектер мұнда резидентура бағдарламасы бойынша білім алып, клиникада тәжірибе жинайды. Филиалдың ашылу салтанатына ҚР денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Марат Шоранов, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеттің директорлар кеңесінің төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев, аталған университет ректорының міндетін атқарушы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Эльнара Исмағұлова мен жергілікті дәрігерлер қатысты.
Айта кетсек, медициналық жоғары оқу орындарының түлектері бесінші курсты бітіргеннен кейін бакалавр дәрежесін алып, екі жыл интернатурадан өтеді. Ал хирург, кардиолог, онколог және тағы басқа белгілі бір мамандыққа ие болғысы келетіндер әрі қарай үш жыл резидентурада оқуы керек. Орал қаласында ашылып жатқан бұл филиалда резиденттер білім алады.
– Бүгін Ақ Жайық өңірінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің филиалы ашылды. Мұндағы басты мақсат – еліміздің Батыс аймағындағы медициналық мекемелердің өзара байланысын, ынтымақтастығын нығайтып, дәрігерлерге деген сұранысты азайту. Бұл ынтымақтастық жергілікті мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға да мүмкіндік туғызады. Мұнда 700-ден астам резидент білім алады деп жоспарлануда. Медицинаның 13 саласы бойынша тереңдетіліп оқытылады. Батыс Қазақстан облысындағы медициналық мекеме-ұйымдарға 280 дәрігер жетіспейді. Егер жергілікті әкімдіктің қолдауымен дәрігерлерді демеу мақсатында әлеуметтік пакет енгізілсе, мамандар тұрақтап қалады, - вице-министр Марат Едігеұлы.
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің облыстағы филиалында дәрігерлер білім ала бастаған. Солардың бірі – Қайсар Қуанышұлы. Ол резидентураның екінші курсында, нақтырақ айтсақ, травматология-ортопедия бөлімінде оқып жүр. Болашақта Орал шаһарындағы ауруханалардың бірінде дәрігер болып қызмет атқармақ.
– Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде жеті жыл білім алдым. Резидентураның Орал қаласында ашылғанына қуаныштымын. Енді білім іздеп Ақтөбе, Астана қалаларына бармайтын болдық. Туған жерде білімімізді жетілдіріп, тәжірибе алмасамыз. Білікті травматологтардың жетекшілігімен оталар да жасай бастадық, – деді ол.
Сондай-ақ іс-шарада облысты 1993-2000 жылдары басқарып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер Қабиболла Жақыпов сөз алып, филиалдың жұмысына сәттілік тіледі.
– Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның бәрі дәрігерге баратыны анық. Бұл филиал арқылы облыстағы дәрігер тапшылығы жойылады деп сенеміз. Ежелгі грек философы Сократ «Барлық мамандық – адамнан, ал сот, педагог және дәрігер мамандығы – Құдайдан» деген екен. Адам жанына араша болар ақ халаттылар бізге көптік етпейді, - деді Қабиболла Қабенұлы.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz