23.04.2022, 9:00
Оқылды: 85

Асық атудан аудандық ашық біріншілік өтті

Кеше Казталов ауданында «Балалар жылы» аясында ұлттық спорт түрі «Асық атудан» 2009-2011 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында және ересектер арасында Казталов ауданының ашық біріншілігі өтті. 

IMG-20220423-WA0006

Жасөспірім ұлдар командалық, ал ересектер жекелей сында бақтарын сынады. Асық атудан алғаш рет өткізіліп отырған аудан біріншілігінде Бөрлі, Ақжайық, Сырым, Жаңақала, Бөкей орда аудандарының және ауданымыздың намысын қорғап Бостандық ОЖББМ-нің, Орталық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің, Казталов мектеп-лицейінің командалары сынға түсті.

IMG-20220423-WA0002

Жарыстың ашылу салтанатына аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, «Айбын» спорт клубының директоры Нұркен Ахметов қатысты. Айша Уәлиқызы «Балалар жылының» маңыздылығын ұғындырып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Бөкей орда ауданының ардагер спортшысы Ерболат Ахметов аудан біріншілігінің ашылуымен құттықтап, аудан басшылығына ризашылығын білдірді.

IMG-20220423-WA0003

Ұлттық спорт түріне машықтанған жасөспірімдердің ойыны тартысты өтті. Сақасын иіріп, мергендігімен қатарының алды болған Ақжайық ауданының №1 командасы жүлделі І орынды қанжығасына байласа, Ақжайық ауданының №2 командасы ІІ орын, Бөрлі ауданының командасы ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ бөрлілік Мәди Самат «Үздік сұрмерген», ақжайықтық Нұрдәулет Қапез «Үздік ойыншы» аталымдарына ие болды. Ал, ересектер арасында сырымдық Бекзат Бекниязов «Үздік сұрмерген» атанып  жүлделі І орынға ие болса, бөрлілік Арман Қабылов жүлделі ІІ орын, ақжайықтық Ернар Қожахметов жүлделі ІІІ орынды қанағат тұтты. Бөкей орталық Ерболат Ахметов «Ардагер спортшы», бөрлілік Ержан Өтеғұлов «Үздік ойыншы», сырымдық Ерлан Шоқанов «Жеңіске деген жігерлігі үшін» аталымдарына лайық деп танылды.

IMG-20220423-WA0006

Нұрдәлет Қапез, Ақжайық ауданыының №1 командасының ойыншысы:

- Бүгінгі жарыс өте тартысты өтті. Біз Ақжайық ауданының атынан қатысып, жүлделі І орынға ие болдық. Өте қуаныштымыз. Бастысы бұл жарыс арқылы ұлттық спортқа деген қызығушылығымыз артып, жаңа достар таптық. Әрі қарай да ұлттық спорттың дамуына үлесімізді қосамыз деген сенімдемін.

Нұркен Ахметов, «Айбын» спорт клубының директоры:

- Жарысымызға жалпы 40-қа жуық спортшы қатысты. Жарыс бұқаралық спортты дамыту, ойыншылардың достық қарым-қатынасын нығайту, ұлттық спорт түрлерін дәріптеу болып табылады. Спорт – адамның денсаулығын нығайту құралы ғана емес, ел мәртебесін әлемде асқақтататын  бірден-бір күш болып табылады. Халық даналығында «Тәні саудың – жаны сау» деп тегін айтылмаса керек. Салауатты өмір салты, дене шынықтыру мен спортты дамыту еліміздегі маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Ерболат Ахметов, Бөкей орда ауданының ардагер спортшысы:

- Асық ойыны — қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Оны көшпелі этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп танимыз. Ойынның басты объектісі-де, құралы да — асық. Аталмыш ойын әсіресе балалар арасында кең тараған. Оларды ептілікке, мергендікке, ұқыптылықа, сергектікке баулыйтын тәрбиенің көзі. Казталов ауданында ұйымдастырылып отырған жарыс жоғары деңгейде өтті.

Асылбек Нәсіпқали, 

Казталов ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале