23.04.2022, 12:20
Оқылды: 40

Ерлан үшінші мәрте топ жарды

Кеше қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің аудандық кезеңі болды. Бәйтерек аудандық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде ұйымдастырылған жарысқа 8 ауылдық округтен 14 балуан қатысты. 

IMG-20220423-WA0032

- Қазақ күресі – ұлттық спорт түрі. Ата-бабаларымыз осы спортты жанына серік еткені белгілі. Халқымыздың өмір сүру салты көшпенді тұрмысқа бейімделгендіктен, күнделікті іс-әрекетінің өзі күрес. Сол себепті бұл күрес түріне деген ынта-ықылас қанымызда бар. Спорт саласында тер төгіп жүрген жандардың қазақ күресін жоғары бағалайтыны да содан болса керек. Астарында ұлтымыздың болмысы, намысы жатқан бұл спортты дамыту, дәріптеу бағытында да ауданымызда көптеген шаралар атқарылуда. Ол да өз жемісін беріп жатыр. Бүгінгі бәсекеге қатысушыларға сәттілік серік болып, жеңіс тұғырынан көрінулеріне шын жүректен тілектеспін,- деді турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

IMG-20220423-WA0031

Аудандық мәслихат хатшысы, аудандық қазақ күресі федерациясының төрағасы Нұрлыбек Хайруллин жастарды спортпен, соның ішінде қазақ күресімен айналысуға шақырды: - Адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандыратын қазақ күресін жанына серік еткеннің алар асуы көп. Болашақта ауданда бұл спортпен айналысатындардың, жеңімпаз болып, ел намысын байрақты бәсекелерде қорғайтындардың қарасы көбейеріне сенім мол.

IMG-20220423-WA0033

Жарыс нәтижесінде «Жақсыбай» деген лақап атпен шыққан дарияндық Ерлан Мусағалиев үздік атанды.

IMG-20220423-WA0029

Көптеген бері татамиде атой салып жүрген ол бұл жолы бабында екенін көрсетті. Үш белдесуде де қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Мамыр айында Ақсай қаласында өтетін облыстық кезеңде аудан намысын қорғамақшы.

IMG-20220423-WA0034

«Былтыр облыстық турнирде жартылай финал кезінде жарақат алып, қола жүлдегер атанған едім.Биыл да дайындығым ойдағыдай, бұйыртса, бабым мен бағым қатар шауып топ жарсам деген арманым бар»,- дейді ол.

Дамир Рамазанов, жарыстың бас төрешісі (Орал қаласы):

-Турнир жақсы ұйымдастырылған. Спорт кешені ғимаратының ішіне киіз үй құрылып, қатысушылар шапанмен шығуы, арнайы белдік, дипломдардың дайындалуы, ақшалай сыйлықтардың берілуі де жақсы әсер берді. Бұрындары ондай болған емес. Сын-ескертпе де бар. Балуандардың бәрі жақсы дайындықпен келді деп айта алмаймын. Оның үстіне ауданның көптеген ауылдарынан балуандар қатысқан жоқ. Сайысты тамашалаған көрермен де өте аз болды. Бейнелеп айтқанда бұл ауданда өтіп жатқан спорт, күрес тойы іспеттес. Ал тойда халық аз болса, ол қызықты өте ме? Переметный – үлкен ауыл. Тұрғындары көп. Көпшілік «Қазақстан барысы» турнирі өтетіні туралы білмей қалды ма деп ойлаймын. Сондықтан алдын ала айтып, оқу орындары, мекеме-кәсіпорындар маңына, көше бойына хабарландырулар ілінсе, жанкүйерлер келер еді ғой. Мұның бәрін жергілікті жердегі әріптестеріме, құзырлы құрылым өкілдеріне айтып, ескерттік. Келесі жылы бұл олқылықтың орны толады деп ойлаймыз.

Серік Маратұлы 

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале