25.04.2022, 10:15
Оқылды: 85

Ауыл тазалығы айтылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әкімдердің халықпен кездесуінің жаңа форматы енгізілген болатын.  Осы жаңа форматтағы есеп беру кездесулері Теректі ауданының ауылдық округтерінде өтті. Аудан әкімі арнайы бекіткен кестеге сәйкес 11-22 сәуір аралығында округ әкімдері әкімшілік бірлік аумағындағы елді мекендерді аралап, халықпен кездесті. Жаңа форматқа сай, жиынның басым уақыты халықтың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын талқылауға қаралған.

2 акимы аксуат

Осы бағытпен Аңқаты ауылдық округінің әкімі Асқар Хайрекеев округ аумағындағы Новая точка, Сатымшеген, Қандық, Ерсары ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Шағын ауыл адамдары жол жайын, көгілдір отын мен таза су жеткізуді айтады. Тағы бір жиі айтылған мәселе – ұялы байланыс пен ғаламтор сапасы. Шет жатқан ауылдар ұялы байланыстың қолжетімділігі өз алдына, сапасы да сын көтермейді деп отыр. Бұдан басқа, күнделікті мал бағымы, ауыл ішін тазалау жайы да талқыланды.

Ақсуат ауылдық округінің әкімі Жаннұр Ахметовтің халықпен кездесуі округ құрамындағы Әйтиев, Магистральное, Пойма ауылдарында өтті.

Әр ауылда округ әкімшілігі атқарған жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы жайында қысқа есеп берген Жаннұр Бекбауұлы осы кездесулерде ауылға қажетті бірқатар шаруаны ортаға салып, шешімін де шығарды.

Мәселен, Әйтиев ауылына кірме жол салынады деген жақсы хабарды жеткізіп, бір қуантқан ол мал бағымын бір ізге салуға қол жеткізді. Малды бір бағытқа шығарып, ауыл тұрғыны А.Елжанов бағатын болып шешілді. Тұрғындар балалар алаңы, медициналық пункт жайында сөз көтерді.

Магистральное ауылында да осындай кездесуден соң ол тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Бір топ белсенді азаматтармен ауыл ішін аралап, тазалық жайын пысықтап өткен ауыл әкімі жалпы сенбілікке шығуға шақырды.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале