Отбасы банк жалға берілетін тұрғын үйге субсидия алу үшін берілген кейбір қазақстандықтар өтінімінің қабылданбау себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз бағдарлама басталғанда 17 мың қазақстандыққа жалға берілетін тұрғын үй субсидиясын алуға шақырту хабарламасын жібердік. Оның ішінде 1662 азаматтан өтінім келіп түсті. Соның ішінде 259 азаматтың өтініші қанағаттандырылды. Яғни олар бағдарламаға қатысып, субсидия ала алады. Бұл бағдарлама үшін цифрлық платформа әзірленді, аталған жүйе тұрғын үйге мұқтаж азаматты автоматты түрде анықтайды. Оған банк қызметкерлері әсер ете алмайды. Азаматтардың жеке деректері мемлекеттік органдардың базасынан тікелей алынады», - деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 105 қазақстандық өтінім беріп, кейін қайта бас тартқан. Сонымен қатар техникалық себептерге байланысты 947 өтінім қабылданбады.
«Дәл қазір 128 өтінім тексеруден өтіп жатыр. Сол сияқты субсидия бағдарламасының талабына сәйкес келмейтін 61 азаматтың өтінімі кері қайтарылды. Кейбір өтінімдер қабылданбай кері қайтарылып жатыр. Оның себебі өтінім беруші ұялы телефонын көрсету қажет. Ұялы телефон нөмірі мемлекеттік жеке деректер базасындағы нөмірмен сәйкес келуі керек. Яғни екіжақта екі түрлі нөмер болса өтінім қабылданбайды», - дейді ол.
Ертең 23 мың қазақстандық жалға берілетін тұрғын үйге субсидия алуға шақырту алады .
Айта кетейік, бүгінде 601 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр .
Оның ішінде 215 мыңы көпбалалы отбасы, 1 және 2 топтағы мүгедек, жетім балалар және мүгедек баласы бар отбасылар.