26.04.2022, 11:30
Оқылды: 2049

Талайды тамсандырған тренд тақия

Бас киімнің тарихы хақында

 Халық киімдерінің ең мәнерлісі — әйелдің бас киімдері. Соның ішінде күнделікті тұрмыста киген тақияның орны ерекше. Тақия — барқыттан, қамқадан тігілетін жазғы жұқа бас киім. Ертеректе оның шеттері ақ тиіннің, сусар мен бұлғының үлбірімен көмкерілген, күміс және алтын әшекеймен сәнделген.

WhatsApp Image 2022-04-26 at 11.12.14

Өнертану саласының маманы Сабыркүл Асанованың «Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы» еңбегінде қазақтар ұлттық бас киімдерін XV ғасырда Қазақ хандығы орнағаннан бастап кие бастағаны айтылады. Ал 19 ғасырдың екінші жартысынан бастап халық киімдеріне өзгерістер ене бастаған.

Қазақ халқының бас киімі екіге бөлінеді: ерлер және әйелдерге арналған. Әйелдерге арналған бас киімдер құрастырылуының күрделі болуы және қымбат безендірілуімен ерекшеленген. Оның ішінде тақияны тұрмысқа шықпаған қыздар киген, бірақ оны кию міндетті саналмаған.

Қыздар тақиясы алтын және күміс кестелермен өрнектелген. Ақша, майда моншақ, қымбат тастар, маржан, шашақтармен әшекейленген. Тақияның төбесіне майда моншақ жіптермен көз-тілден сақтайды деген сеніммен үкі таққан. Үкінің жүні қазақтың ескі салты бойынша әсемдіктің белгісі саналады. Ертеректе киімдердің етек-жеңіне ою-өрнек салу, үкі тағу жын-перілерден, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан қорғайды, магиялық күш әсер етеді деген сенімнен туған. Кейіннен үкіні тақия, сәукеленің төбесіне, домбыраға, бесікке қадаған. Үкінің қара қасқасын ерлер, балақ жүнінің ұлпасын әйелдер қолданған. Үкі құсын қазақ қасиетті деп білген. Ежелгі бақсылар, батырлар, сал-серілер де үкі тағып жүрген. Тіпті бір үкі бір аттың құнына бағаланған.

Қазақ қыздары үкілі тақияны үш жасынан бастап киген. Бес жасқа толғанда шашын өріп, шолпы таққан. Ал бойжеткен соң кәмшат бөрік киген. Қыздардың тақиясы қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түстермен барқыт секілді матадан сырып тігілген. Ол түрлі-түсті моншақ-маржанмен безендірілген.

Жалпы, қазақ халқы бас киімді жерге тастаса, «бақ таяды, бас кемиді» деп ырымдаған. Баршылықты білдіретін қасиетті киім саналған. Киіп жүргенін ешкімге сыйламаған, бермеген. Қазақ ғұрпында жақсылықтың барлығы адамның маңдайына жазылады деген ұғым бар. Сондықтан бас киімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге, басып отыруға тыйым салып, төріне ілген.

-Ер болсын, әйел болсын бас киіміне құрметпен қараған. Дүниеге келген қыз балаға тұлым, ал ұл балаға айдар салған. Тәй-тәйләп жүрген кезден бастап, көз тимесін деп маржандап әшекейленген тақия кигізген. Бес жасынан бастап шашын өріп, шолпы таққан. Осылайша үкілі тақия, бойжеткен соң кәмшәт бөрік киген. Киімнің негізгі функциясы — табиғи ортаның суығы мен ыстығынан, жауын-шашыннан қорғаумен қатар, ұлт жаратылысының келбетін танытатын этнографиялық, философиялық, мифологиялық әрі тәлім-тәрбиелік түрлі қыр-сырынан ақпарат беріп, бойына сан алуан қызмет жүктеген синкретті ұғым, — дейді энограф Құралай Сәрсембина.

Айналаға сән беріп, сұлу кетіп барады

Бұрын тек Ұлыстың ұлы күнінде ғана киетін ұлттық киімдерді  бүгінгі таңда көпшілік күнделікті өмірде киіп жүруді әдетке айналдырған. Тіпті ұжым болып киінуді де қолға алған. Бұған дейін  қамзол, кәжекейді сәнге айналдырғандар енді ұлттық бас киімге ден қойыпты. Дәлірек айтқанда, қазіргі уақытта қазақи тақия трендте, яғни қай түсі болса да биыл сәнді. Бір сөзбен айтқанда, заманауи үлгіде тігілген тақияны киіп жүргендер талайды тамсандыруда. Жалпақ жұртшылық бір ауыздан «қандай керемет!», «мінекей, дұрыс болған», «қазақ қыздарына ұлттық бас киім жарасып-ақ тұр» деген сыңайлы жағымды пікірлер айтып жүр. Құптарлық жәйт!

-Әу баста тақия, сәукеле тігіп жүрдім. Бірақ олар сахнаға арналған бас киімдер еді. Енді күнделікті киіп жүруге арналған тақияларды тігудемін. Ең алдымен тапсырыс берушінің бас өлшемін алып, пішемін. Сосын біріктіріп, қазіргі этно стильдегі әдемі жапсырмалар, майда моншақтармен әспеттеймін. Түркиялық велюр, дак, сатин маталарын қолданып жүрмін. Күніне екі-үш тақия саттыққа шығады, — дейді теректілік тігінші Гүлназ Құсайынова.

Айта кетейік, Гүлназ жас болса да,  өз ісінің нағыз шебері. Оның қолынан шыққан ұлттық нақыштағы киім-кешектерді көпшілік киіп жүргеніне куәміз.

Шыны керек, қазір көшеге шығып қарасаңыз, керемет тақия киіп, айналаға сән беріп, сұлу арулар кетіп барады. Ұлттық киімдерді осылайша күнде киіп жүрсе,  көңіл шіркін бір марқайып қалары хақ. Осындай жандардың бірі, Теректі ауылының тұрғыны

Зере Талғат:

-Қазіргі трендтегі тақиялар ең бірінші шығып жатқанда, бірден ұнай қалды. Сосын тігіншілікпен шұғылданатын құрбымның тақияларын көріп қалдым да сатып алдым.

Бұрын ата-бабаларымыздың  ұлттық киімдерді күнделікті киіп жүруі таңсық болмаған. Кейін бұл киімдер мүлдем киілмей қалғаны рас. Кейін тек 22 наурыз күні,  бір рет қана киіп жүрді. Ал қазіргі уақытта заманға сай тіктіріп,  қайтадан киіп жүргендерді көргенде қуанып қаламын. Өзім де осындай ұлттық нақышта тігілген киімдерді күнделікті киіп жүріп,  насихаттауды қолдаймын,  — дейді.

 Самал Жолдығалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале