Ақжайық ауданы орталығында «Менің аулам - менің бағым» жобасы шеңберінде жеміс-жидек көшеттерінің жәрмеңкесі өткізілді. Алма, өрік, алмұрт ағашының 500-ге жуық көшеттерін тасқалалық «Динара» шаруа қожалығының жетекшісі Бейбіт Иманғалиев өзінің жеке бағынан ұсынды.
Жәрмеңкеде талдарды аудан тұрғындары сағатқа жетер-жетпес уақытта қылдай бөліп алды. Көктемде сұранысқа ие көшеттердің бұлай жылдам сатылуы ғажап емес, әдетте базарда бір данасы 2000 теңге тұратын көшеттер осыда 1200 теңгеден сатылды. Айта кетейік, аудан орталығында ұйымдастырылған саудаға жақын маңдағы Ақсуат, Есенсай, Қабыршақты, Көнеккеткен, Жаңабұлақ ауылдық округтерімен бірге шалғайдағы Сарытоғай, Тайпақтан да келіпті. Олардың алды көшеттерді жиырмалап алса, біреулері ауылдарына жүздеген екпе олжалап қайтты.
Айта кету керек, бірқатар ауылдық округтерде мектеп түлектері мен ауыл кәсіпкерлері демеушілік жасап, тұрмысы төмен ауылдастарына жеміс-жидек көшеттерін алып берсе, енді бір округтерде әкімшілік қызметкерлері өз қалталарынан қаражат шығарып сатып алып, артынан жерлестеріне талдарды тегін таратты.
– Жәрмеңке өтеді дегенді естісімен, мекеме қызметкерлері көшеттерге қаражат жинадық. Ауылға жеткізген соң, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға таратып береміз. «Балық берме, қармақ бер» деген, ауланы жеміс ағаштарымен жайқалтып, оны күтіп-баптауға ұл-қызымызды ерте жастан тартсақ, еңбекке жұмылу деген осы емес пе?! – дейді Көнеккеткен ауылдық округінің маманы Арыс Сүндет.
Бір өкініштісі, ауылдық округтен келген меймандардан соң жергілікті чапаевтықтарға тал түгіл, оның бір бұтағы да тимеді. Тұрғындар көшеттер жәрмеңкесін маусым бітпей тұрып тағы қайталанғанын қалайтынын жеткізді.
Әсет Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz